Көп ұзамай аққайыңдар өлкесінде жылыту маусымы басталады. Қауырт кезеңде құбырлар сыр бермесі үшін Петропавлда жер-жерде жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мына мамандар табан тіреген төңірек шаһардың орталығында орналасқан. Олар әжептәуір төңіректі қамтитын магистральді ауыстыруда. Істің бүге-шүгесі баспасөз туры барысында айтылды.
ВИТАЛИЙ ХОЛОША, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:
– Биыл №6 жылу магистралінің Астана көшесінен Халтурин көшесіне дейінгі бөлігін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыра бастадық. Бұл аралық еріген және жер асты суының әсерінен әбден тозған. Тозу көрсеткіші 95%-дан асып жығылады. Үнемі жылу шығыны орын алады. Сондықтан, осы маңда тер төгіп жатыр. Магистральдың маңызы өте зор. Ол теміржол вокзалы орналасқан ауданның жартысын жылумен қамтамасыз етеді.
Бұл жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге жұмсалмақ. 2024 жылы 438 млн бағытталып отыр. Бригада жұмысқа тамыз айында кірісті. Жоспар бойынша қыркүйектің соңына дейін 400 метрге жуық құбыр ауыстырмақ. Сонымен қатар, “Тарифті инвестицияға айырбаста” бағдарламасы аясында №1 көтеру сорғы станциясын күрделі жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. Ол осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Баспасөз туры барысында «Севказэнергосбыт» серіктестігінің жұмысы жайлы да айтылды. Мұндай шара алдағы уақытта тағы ұйымдастырылады. Қыркүйектің 25-і күні арнайы топ Петропавл екінші жылу электр орталығының жай-күйімен және атқарылған іспен таныспақ.
Байболат Құлтанов