Sailau banner

Қоғам

Мұғалімдер референдумға шақырылды

Бүгін петропавлдық педагогтардың басы 21-ші орта мектеп қабырғасында қосылды. Оларға атом электр стансасын салу жөніндегі өңірлік халықтық штабтың мүшелері референдум туралы толығырақ айтты. Бұл тақырыпты ұстаздар қауымы тереңнен түсінуі тиіс. Мамандар шәкірт тәрбиелейді, ата-аналармен тығыз байланыста болады.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, АЭС салу жөніндегі өңірлік халықтық штабтың мүшесі:

– 2030-2035 жылдарға аяқ басқан кезде біздің елімізде энергия тапшылығы болуы мүмкін. Әрине, қазір бұл олқылық аса біліне қоймас. Уақыт өте міндетті түрде сезіледі. Қазақстанда жылу электр орталықтары сыр беріп жатыр. Сымдар да жиі үзіледі. Бұлай жалғаса берсе, экономика алға баспайды. Елдің болашағын ойлау керек. Дамыған 30 мемлекеттің барлығында заманауи стансалар салынған.

Станса қай жерде салынады? Әлі бір-екі нұсқа қаралып жатыр. Бұған дейін Балқаш көлінің жағасында бой көтереді деген ақпар жер-жерде тарады. Осы орайда тағы сұрақ туындайды: солтүстікке энергия жете ме?

АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, АЭС салу жөніндегі өңірлік халықтық штабтың мүшесі:

– Айтарым, еш уайымдаудың қажеті жоқ. Біздің өлкеге энергия жететін болады. Ғалымдар бұны ойластырып қойған. Ал инженерлер қуатын тұтас елге шақтап тұрғызады. Жылу электр орталықтарының есігіне құлып салынбайды. Олар стансаны қолдаушы ретінде жұмыс істейді.

Сонымен қатар, кездесу барысында әрбір мұғалімге референдум жөніндегі ақпараттық қағаз таратылды.

 

Мәдина Қаби