Қоғам

Бақылаушыларға арналған тренинг

Қазанның 6-сы күні елде референдум өтеді. Азаматтар бір сұраққа жауап береді: “Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?”. Қалай жауап берсе де ол адамның өз еркі. Оның қалауына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Референдум учаскесінде бүкіл процестің заң аясында белгіленген тәртіппен өтуін бақылаушылар бақылайды. Осы орайда бақылаушыларды оқыту мақсатымен елордадан «Ел дауысы» қоғамдық қорының мүшелері келіп отыр.

АИДА ЖЕКСЕНОВА, республикалық «Ел дауысы» қоғамдық қорының басшысы:

– Біз ешкімді де дауыс беруге үгіттемейміз. Тек науқан барысында барлығының дұрыс болуын қадағалаймыз. Бақылаушы болуға ниетті жандардың арасында студенттер көп. Бұл заңгерлік, халықаралық құқық бойынша білім алып жатқан жастарға волонтерлік жағынан болсын, кәсіби бағытта болсын айтарлықтай тәжірибе дер едім. Оқыту тегін, жүзбе-жүз әрі қашықтықтан да жүргізіледі.

Қор мүшелері қалаларды аралап, тренинг өткізіп келеді. Ұйымға мүшелік етуге бүкіл Қазақстаннан 550-ден астам өтінім келіп түскен. Біздің өңірде 50-ге жуық өкілі бар, көбі – жастар.

АИДА ЖЕКСЕНОВА, республикалық «Ел дауысы» қоғамдық қорының басшысы:

– Біз қазір Сайлау туралы заңның бірнеше бабын шолып өтеміз. Сондай-ақ, бақылаушылардың сұрақтарына жауап береміз. Жастар, мәселен, бізге мынадай сұрақ қояды: Оларды учаске аумағынан шығаратын болса, не істеу қажет? Дауыс беру хаттамасымен бөліспеген жағдайда қалай әрекет ету керек? Бастысы, комиссия мүшелерімен салғыласпай, заң аясында дәлелсөз келтіру керек.

Түгел қалалар бойынша тоқталсақ, Астана, Қарағанды, Өскемен, Павлодар мен Петропавлда бақылаушылар тарапынан белсенділік байқалады. “Бұған дейін бірнеше сайлауға қатысқан көбінің айтарлықтай тәжірибесі бар”,- дейді қоғамдық қор мүшесі Жанат Мұхамеджанов.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, СҚО «Ел дауысы» қоғамдық қорының мүшесі:

– Дауыс беру кезінде әртүрлі заң бұзушылықтар болып жатады. Мысалы: әркім өзінің жеке куәлігімен келіп, өзіне тиесілі билеттерді ғана алуы керек. Үйде отырып, дауыс беруге келе алмайтын адамдарға барамыз. Құжаттардың дұрыс толтырылуын қараймыз.

Жалпы, “Ел дауысы” қоғамдық қорының мамандары ұйым құрылғалы 4 жылдың ішінде мыңнан астам адамды оқытқан.

 

Мәдина Қаби