Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алдағы 4 жылда Петропавлдағы көшелердің барлығына асфальт төселеді

Петропавлдықтар тақтайдай тегіс жолмен мақтанар күннің де ауылы алыс емес. Биыл облыс орталығында 57 көше жөнделеді. Маңызды жұмыс барысымен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Выделено 7,4 млрд тенге. Оснавная доля идет на средний ремонт.

Жоспарланған жұмыс аяқталғасын Петропавлда сапалы жолдардың үлесі 50-ден 67 пайызға жетеді. Айта кетерлік жайт, жергілікті биліктің алдында облыс орталығындағы көшелердің барлығын асфальттау міндеті тұр. Бұл бағытта бірсыпыра шаруа қолға алыныпты.

Нақтырақ айтсақ, 30 шақырымға алғаш рет асфальт төселеді. Мұндай оң өзгеріс негізінен шаһардың шеткері орналасқан аудандарында орын алады. Облыс әкімі бастаманы құптады. Бұл жұмысты әрмен қарай жалғастыру керек.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз қаланың жолдарын жөндеуге жыл сайын ақша бөлмекпіз. Оның көлемі биылғыдан кем болмайды. Сіздерге жүктелетін міндет – алдағы 5 жылда емес, 4 жылдың ішінде барлық көшеге асфальт төсеу. Елдегі облыс орталықтарының көбінде асфальтталмаған көшелерді көрмейсің. Біздің тұрғындар да сапалы өмір сүруге лайықты. Сондықтан, жұмыс істеу керек.

Қала әкіміне жүктелген тағы бір міндет – көшелерге асфальт төсеу жұмысының бірнеше ықшам ауданда қатар жүруі. Яғни, петропавлдықтардың барлығы бірдей жаңашылықты сезінуі тиіс. Кездесу барысында Ғауез Нұрмұхамбетов жауапсыз мердігерлермен күрес жайына тоқталды. Мұндай кәсіпкерлерге жол жабық. Өңір жетекшісі қомақты қаржыны қалтаға басып, істен қашатындарды сот арқылы сабасына түсіру керектігін баса айтты.

 

Байболат Құлтанов