Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Органикалық егіншілікті дамытуға арналған халықаралық конференция өтті

Химиялық жолмен өндірілген өнімнен табиғи таза өнімнің артықшылығы айтпаса да түсінікті. Әр адам өзі тұтынып отырған азық-түлігінің қоспасыз болғанын қалайды. Органикалық егіншілік арқылы осы мәселені шешуге болады. Тың бағыт елімізде аса қатты дамымаса да қазір біртіндеп оң жолға қойылып келеді. Өңірімізде де өсімдік шаруашылығының осы бағытын негізге алған серіктестіктер бірен-саран. Бірақ, бүгіннен бастап олардың саны еселеп артуы мүмкін. Себебі, әлемдегі беделді компаниялардың бірінің мамандары Мамлют ауданына келіп, диқандарға арнап конференция өткізді.

АЛЕКСЕЙ АНДРОСЕНКО, “AGRIWELL” компаниясының маманы, Чехия Республикасы:

– Егер денсаулығымызды ойласақ, органикалық егіншілікке көшкеніміз жөн. Тың бағыт экологиялық тепе-теңдікті сақтауда, топырақ сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарады. Органикалық егіншілік жай ғана әдіс емес, бұл – біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы. 15 жылдан бері барлық мемлекеттерді егіншіліктің аталған түріне көшуге үгіттеп келеміз. Өз білімімізбен шынайы қызығуышылық танытқан адамдармен бөлісуге әрқашан дайынбыз.

Әлемдік компанияның теріскейге келуі тегіннен тегін емес. Себебі, СҚО – ауылшаруашылық саласы жөнінен еліміздегі беткеұстар аймақтардың бірі. Жиынға 8 мемлекеттен келген мамандар қатысты. Олар мамлюттік диқандарға органикалық егіншілік арқылы қандай зор жетістікке жетуге болатындығын айтты. Басқосуға сонау Молдова елінен келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Борис Боинчан қатысты. Білікті маман осы тың бағытты бірнеше жыл зерттеген екен.

БОРИС БОИНЧАН, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Молдова Республикасы:

– Ауыл шаруашылығы саласына тың өзгерістер енгізуіміз қажет. Органикалық егіншілікпен айналысудың нәтижесінде топырақтың құнарлылығы сақталады және қоршаған ортаға зиян келмейді. Бұл бағытты қанша жыл зерттесем де әлі күнге дейін бұрыс жақтарын таппадым. Егіншіліктің аталған түрі арқылы 2 есе көп өнім алуға болады. Бұл ғылымда дәлелденген. Өздеріңізге де табиғи таза өнім тұтынған жақсы ғой. Біз осы арқылы түрлі аурудың алдын аламыз.

Конференцияға 100-ге жуық кәсіпкер қатысты. Соның бірі – “Сенім” серіктестігінің директоры Забкен Шаяхин. Диқанның ауыл шаруашылығы саласында жүргеніне 20 жылдан асыпты. Білікті маман орақ науқаны қызған жақта маңызды шараға уақыт тапқан.

ЗАБКЕН ШАЯХИН, “Сенім” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Аталған іс-шараның өтетіндігін 1 ай бұрын естідім. Органикалық егіншілік жайлы сырттай білемін. Енді мамандардың айтқанын тыңдап, жақын танысқым келеді.

Беделді кәсіпорын осының алдында қостанайлық диқандармен кездескен екен. Маңызды шарадан соң шетелдік мамандар Мамлют ауданындағы егін алқаптарына бармақ.

 

Нұрасыл Ахмет