Sailau banner

Денсаулық сақтау

Мануалдық терапия кімдерге рұқсат етілмейді?

Мойынды, аяқты, иықты, белді. Интернетті ашып қалсаң, адам мүшелерін сықырлатып жатқан видеоларды жиі көресің. Бұл адамға пайдалы ма? Істің қыр-сырын білетіндер табыс табу үшін қызметтің жаңа түрін ашқан жоқ па? Сала өкілінің пікірінше, ұсынылатынның денсаулыққа зияны жоқ. Керісінше, буын және сүйек аурулары, грыжа, хондроз бен бүкірлікті мануалдық терапиямен емдеуге болады екен. Қазір адамдардың арасында омыртқа грыжасы жиі кездеседі дейді білікті маман Аллаберген Қоспақаев. Өйткені, тым көп отырады, аз қозғалады, ауыр жүкті дұрыс көтермейді.

Қазір заман басқа, мүмкіндік зор. Соны мамандар пайдаланып жатыр. Олардың сөзінше, халық арасында тыйым салынатын саусақты да сықырлатып отырған дұрыс. Мұндай жолмен сүйектердің арасына жиналып қалған сары су кетеді екен.

АЛЛАБЕРГЕН ҚОСПАҚАЕВ, мануалдық терапевт:

– Мануалдық терапияның түрлері көп. Біз көбіне трастық терапия жасаймыз. Қолмен емделетін емнің барлығы мануалдық терапияға жатады. Грек тілінен аударғанда “маность” деген білезік дегенді білдіреді.

Бұл ретте жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Көрсеқызарлыққа салынып, кез келген жерде сүйек сықырлатуға болмайды. Маманның ақыл-кеңесі қажет.

АЛЛАБЕРГЕН ҚОСПАҚАЕВ, мануалдық терапевт:

– Әркімнің ағзасы әртүрлі болады. Сол үшін қабылдаудың алдында неврологиялық, ортопедиялық тест істеп аламыз. Бұлшық еттерінің жағдайын қараймыз. Көмектесе алмаған жағдайда дәрігерлерге жібереміз. Ауыр жағдайдың да түрлері болады. Мысалы, грыжаны МРТ-дан қарап аламыз, сырқаттың ескі және жаңа түрлері болады. Егер де жаңадан пайда болып жатқан ісік болса, оны операциясыз емдеуге болады. Болмай жатқан жағдайда нейрохирургияға жібереміз.

Қоса кету керек, мануалдық терапияны аяғы ауыр келіншектерге, жас балаларға жасауға болмайды. 50-ден асқан азаматтарға да ұсынылмайды. Себебі, мұндай жастағы азаматтардың денсаулығына мануалды терапияның пайдасынан гөрі зияны тиюі мүмкін.

 

Мәдина Қаби