МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Кеше Петропавлда Парк көшесі бойында өрт болды. Тілсіз жау мына үйдің 8-ші қабатында бас көтерді. Өрт сөндірушілер тез жетіп, отты ауыздықтады.
Өрт мына бір бөлмелі пәтерден шыққан. Үй толы түтін есіктен саңылау тауып, бүкіл кіреберісті күйе қылған. Үйдің жоғарғы бөлігінде өрттен қалған өткір иіс тұр. Кешегі жағдайға байланысты жарық уақытша ажыратылған. Өрт кеше кешкі сағат 7 кезінде болды. 200-ге жуық адам эвакуацияланған, оның 20-сы – бала. 3 адам құтқарылған. Өрт шыққан пәтерде 47 жастағы ер адам тұрған. Үй иесі ауруханаға жеткізілген.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
– Өрт оқиғасынан кейін қалалық көпсалалық ауруханаға 47 жасар ер адам жеткізілді. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Жоғары тыныс алу мүшелерін күйік шалды және қатты иістен уланды деген диагноз қойылған болатын. Қазір өміріне қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ.
Еске сала кетейік, бұл – қалада екі күннің ішінде көпқабатты үйде болған екінші өрт. Отты ауыздықтауға 18 маман және 7 техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі әлі анықталып жатыр. Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бері 270 өрт болған. 20 адам қайтыс болған, 30-ы жарақат алған.
Мәдина Қаби