Sailau banner

Мәдениет

Қазақ театрының 26-шы маусымы бастау алды

Жаңа театрда – кезекті жаңа маусым. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 26-шы маусымы бастау алды. Мәдениет ордасында бүгін ерекше атмосфера. Театр өнерін тамашалауға асық өнерсүйер қауымды өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың “Арыс жағасында” әнімен қарсы алды.

Бүгінгі маусымашар қойылымның да Шәмші Қалдаяқовқа қатысы бар. Халықтың сұрауымен биылғы спектакльдердің бастауы ретінде Исраил Сапардың композитордың басынан кешкен оқиғаға негізделіп жазған “Сыған серенадасы” пьесасы таңдалып отыр.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Фархат Молдағали. Басты рөлде – Нұрбол Асқаров. Шәмшінің рөлін сомдау білікті актердің арманы болған екен. Көпжылғы арман бүгін орындалды.

НҰРБОЛ АСҚАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Спектакль осыдан бір 7-8 жыл бұрын қойылды. Негізі, сол уақытта басты рөлде мен ойнау керек едім. Бірақ, басқа қойылымға кетіп қалдым. Бірақ өзімнің арманым болатын осы рөлде ойнау. Қойылымға 15-20 күндей дайындалдық.

Қойылым жас Шәмші мен сыған қызы Изольданың махаббаты жайында. Бірақ, сыған қызына отбасымен бірге Ауған жеріне оралуларына тура келеді. Қыз ғашығын өзімен бірге әкеткісі келеді, ал жігіт қыздың қалғанын қалайды. Сөйтіп, қос ғашық бір келісімге келе алмағаннан кейін екі жаққа ажырап тынады.

Қазақ театры ұжымының биылғы дайындығы да нығыз, жоспары да ауқымды. Биыл қатарға 9 актриса қосылған екен. Жас өнерпаздардың екеуі Көкшетаудан, біреуі Астанадан келіп отыр. Арасында жергілікті өнер колледжінің түлектері де бар.

 

Мәдина Қаби