Sailau banner

Қоғам

Жас сарбаздардың біліктілігін арттыруға арналған шара

Мына қаз-қатар тізілген жігіттер – облыс орталығындағы 6637 әскери бөлімінің сарбаздары. Борыштарын өтеп жатқанына 3 ай болыпты. Жауынгерлер осы уақыт ішінде көп нәрсе үйренген. Ең бастысы – темірдей тәртіп. Бүгін бірқатарының жүргізушілік қабілеті сыналатын болады. Ел қорғандарының әрқайсысына көлік беріледі. Тапсырма қарапайым. Көлікті 50 шақырым жерге дейін жол қозғалысы ережелерін бұзбай жеткізу керек.

ҚУАНЫШ БЕРДІМБЕТОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Шара жауынгерлердің біліктілігін арттыру үшін ұйымдастырылып отыр. Өзін жақсы көрсеткен сарбаздар әр көлікке бекітілетін болады. Барлығы – 20 жауынгер қатысуда.

Әскери бөлімде дәл осындай іс-шара жылына 2 рет өткізіліп тұрады. Бүгін жауынгерлер 50 шақырымды еңсерсе, келесі жолы 150-300 шақырымға дейін темір тұлпар басқарады. Хуршид Халиков – 19 жаста. Тепсе темір үзетін жігіт мектеп бітіре сала ер міндетін орындауға аттаныпты. Ол 12 айлық борышын өтеп болған соң алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келеді.

ХУРШИД ХАЛИКОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Әскери бөлімге Көкшетау қаласынан келдім. Жауынгерлік дайындықта не үйрендік, бүгін соны көрсететін боламыз. Әскерге өз еркіммен келдім.

Тиісті талаптар түсіндірілгеннен кейін сарбаздар көлікке мініп, қала сыртына қарай жол тартты. Айта кету керек, сарбаздар сынақтан сәті өтсе, біліктілік арттырғандығы жайында куәлікке ие болады.

 

Нұрасыл Ахмет