Sailau banner

Өнеркәсіп

СҚО-да көмір қоры жеткілікті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:

– Біз қазір қаладағы көмір сату қоймаларының бірінде тұрмыз. “Жылу” жеке кәсіпкерлігіне тиесілі теміржол тұйығына күні кеше ғана 10 вагон көмір келген. Шамамен 700 тоннаны құрайды. Әзірге, ұзын-сонар кезек байқалмайды. Мамандардың сөзінше, қара отынға сұраныс қазан-қараша айларында артады екен.

Қоймаға тек Шұбаркөл маркалы көмірі жеткізіледі. Тоннасы – 19 мың теңге. Қара отын жүк көліктеріне кезек-кезекпен тиелуде. Ешқандай қарбалас пен талас жоқ. Теміржол тұйығына келген жандар көмірді өздеріне қажетті мөлшерде алып жатыр.

МҰРАТХАН ТҰРМҰХАМБЕТОВ, “Жылу” ЖК менеджері:

– Осы айда 40 вагон көмір келді. Қыркүйекте барлығы 100 вагон қара отын келіп түседі.

Қаһарлы қыс жақындаған сайын тұрғындарды қара отыннан қол үзіп қаламыз ба деген ой алаңдатады. Бірақ, оған еш себеп жоқ. Қаламызға күн сайын вагон-вагон көмір жеткізілуде. Ахуал жайында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Евгения Островская баяндап берді.

ЕВГЕНИЯ ОСТРОВСКАЯ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Өңіріміздегі көмірдің қажеттілік көлемі 604 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 405 мың тонна дайындалды. Бұл – жалпы көлемнің 67 пайызы. Жалпы, облысымызда 36 теміржол тұйығы бар. Оның 4-еуі Петропавлда орналасқан. Бүгінде бюджеттік мекемелердің барлығына 146 мың тонна көмір жеткізілді. Олар: мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар. Тұрғындарды жауапты кезеңге ерте қамдануға шақырамыз. Қарашаны күткенше, қысқа қазірден дайын отырған дұрыс.

Айта кету керек, қазір тұйықтарда 44 мың тонна қор бар. Биылғы жылы қара отынның бағасы 13 пен 22 мың теңгенің аралығында болады.

 

Нұрасыл Ахмет