Sailau banner

Экология

Петропавлда “Туған өлке” тазалық акциясы өтті

Күз келсе де қала жастары табиғат аясында тазалық акциясын өткізуді жалғастыруда. Борки шағын ауданына бара жатқан жолдағы Мещан орманы – тұрғындар жиі болатын орын. Өкініштісі, кейбір адамдар аумақты қоқыс үйіндісіндей көреді. Өзімен әкелгенді лақтырып, тайып тұрады. Жүре берсең қалдықтың сан түрін көресің. Бұларды жинау үшін келген белсенді жастың бірі – Саяжан Қалиева. Колледж студенті іске білек сыбана кірісті.

САЯЖАН ҚАЛИЕВА, волонтер:

– Жастар осындай тазалық акцияларына жиі қатысуы керек. Қоршаған ортаның тазалығын біз ойламағанда, кім ойлайды? Замандастарымды осындай шараларға белсенді ат салысуға шақырамын. Өзім қоғамдық істен қашпаймын. 6 жылдан бері әрдайым қатысамын, бұл маған ерекше сезім береді.

Шара ойын түрінде өтті. Белсенділер бірнеше топқа бөлінген. Шарт мынадай: ұжымдар таратылған қаптарға қоқысты 40 минуттың ішінде салуы керек. Кім көп қалдық жинаса, сол жеңімпаз атанады.

ЛИДИЯ ГРАБАРЬ, «Жастар салауатты өмір салты үшін» ҚБ төрайымы:

– Шараның мақсаты – жастарды табиғатты аялауға, жұмыла жұмыс істеуге баулу. Бүгін барлық колледж студентін, белсенділерді шақырдық. 80-ге жуық қыз бен жігіт келді. Олар ұйымшылдық танытып, басқа да шараларға белсенді қатысқанын қалар едік.

Ойын соңында ұл-қыздарға түрлі сыйлықтар берілді. Көп қоқыс жинап, топ жарған ұжымға музыкалық дауыс зорайтқыш берілді.

 

Мәдина Қаби