Sailau banner

Қоғам

Референдумға шақыру таратылады

Бюллетень алып, таңдау жасайсың және жәшікке тастайсың. Бұл аса көп уақытты алмайтын оңай жұмыс. Алайда, оны заңға сәйкес ұйымдастыру, тиісті талаптың бұзылмауын жіті қадағалау өту қиын шаруа. Сол үшін жергілікті референдум комиссиясы арнайы нұсқаушылардың көмегімен жан-жақты дайындалып жатыр.

6 қазан күні ала таңнан кешке дейін тер төгетін жерлестеріміз бүгін Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петровпен кездесті. Астанадан ат терлетіп жеткен азамат жерлестерімізге ақыл-кеңес берді. Айтылғанның барлығы маңызды. Оны әрбір адам түсінуі керек.

КОНСТАНТИН ПЕТРОВ, ҚР ОРК Төрағасының орынбасары:

– Біздің мақсат – өте көп жұмыс атқаратын төменгі буынды оқыту ісімен танысу. Бұл аса маңызды жұмыс. Референдум комиссиясы барлық жайтты ой елегінен өткізіп, істің бүге-шүгесін білуі тиіс. Сондықтан, осындай кездесулер алдын ала ұйымдастырылып жатыр. Біз жер-жердегі комиссиялармен тығыз байланыстамыз. Жалпыхалықтық дауыс берудің заңға сәйкес өту мына залдағы жандарға тікелей байланысты.

Көзді ашып-жұмғанша келіп жететін 6 қазанда өңірімізде 591 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 97-сы облыс орталығында орналаспақ. Учаскелерге тұрғындардың тізімі берілді. Ұсынылған ақпарға сүйенсек, аймақта 375 236 адам таңдау жасау құқығына ие.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Осы орайда тұрғындарға жеткізер ақпарымыз бар. Егер біреу сіздің есігіңізді қағып, өзін референдумға қатысу бар адам ретінде таныстырса және шақыру ұсынса, таң қалмаңыздар. Арнайы мамандардың тобы жасақталды. Олар үй-үйді аралап, халыққа шақыру тарататын болады.

 

Байболат Құлтанов