Sailau banner

Қоғам

Петропавлда синтетикалық есірткіні зерттеу институты ашылды

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптамалары институты ашылды. Әділет министрлігіне қарасты орталықта синтетикалық есірткінің құрамы жан-жақты зерттеледі. Мұндай арнайы орын еліміздің бірнеше қаласында бар. Қазір жемісті жұмыс істеуде.

МӘДИНА ЖАНДОСОВА, СҚО бойынша сот сараптамалары институты директорының орынбасары:

– Бұл үлкен жетістік деуге болады. СҚО бойынша сот сараптамалары институтында 2 сарапшы маман бар. Сонымен қатар, құралдармен тікелей жұмыс істейтін тағы 2 маман тағылымдамадан өтіп жатыр.

Сот әділетті үкім шығару керек. Ал ол үшін тергеу кезіндегі жұмыс сапалы болғаны жөн. Бұл ретте іс қарау процесі де сағызша созылмағаны абзал. Заманауи институт синтетикалық есірткінің құрамын 30 күннің ішінде зерттеп, полицияға қорытынды ұсынады. Сала өкілдері болашақта көрсеткішті бірнеше есеге қысқартпақ.

РУСЛАН ШАРИПОВ, Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын зерттеу жөніндегі ҚР бас сарапшысы:

– Синтетикалық есірткінің құрамы үнемі өзгеріп отырады. Заңның ала жібін аттап жүрген адамдар елдегі жағдайды, біздің мүмкіндіктерді біледі. Мен өте күрделі жұмысымды қорытындылай келе осындай ой түйдім. Бізге бір орында тоқтап қалуға болмайды. Болашақта зерттеуді 30 күннің ішінде емес, 24 сағатта жүргізгіміз келеді. Осы міндетті жүзеге асырсақ, аса маңызды саладағы күреске өз үлесімізді айтарлықтай қосар едік.

“Заманың түлкі болса, тазы боп шал” деп қазақ бекер айтпайды. Өкінішке қарай, қоғамда синтетикалық есірткі өндірісіне, бизнесіне тұсау салынбай тұр. Петропавлды биылдың өзінде әжептәуір адам сотталған. Көбі – оң-солын танымаған жастар.

ТЫНЫБЕК САПАРОВ, Петропавл қаласының прокуроры:

– Бүгінгі күнге дейін Петропавл қаласында есірткіге қатысты 132 қылмыстық іс қозғалды. 28 адам қамауда отыр.

Осы орайда облыстық деректермен де бөлісейік. Жыл басынан бері өңірде 186 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам есірткі алыныпты. 69 адам сотталды, олар заң бойынша кемдегенде 10 жыл темір торда отырады.

 

 

Байболат Құлтанов