Sailau banner

Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тренинг

Петропавлда демалыс күні мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып тренинг өтті. Үстел басына жайғасқан азаматтардың дені Аққайың ауданынан келіп отыр. Қаладан да қатысып жатқандар бар.

Шараны ұйымдастырушы – “Ардос Жүрек” ұйымы. Мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға мотивация беру, рухани тұрғыда қолдау білдіріп, психологиялық бағытта ақыл-кеңеспен бөлісу.

АҚЖАН КӘРІМ “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” ЗТБ директоры:

– Мүгедек жандар сау адамға қарағанда екі есе уайымшыл келеді. Біз олардың ештеңеден қысылмай өмір сүргендерін қалаймыз. Тренингке қатысушылар адамдармен тез тіл табысуды, қиындықтарға қарсы тұра білуді, күйзелістен оңай шығудың жолын үйренеді.

Леонид Яковченко – аққайыңдық азамат. Смирнов ауылында информатика пәні мұғалімі болып еңбек етеді. 12 жылдық еңбек өтілі бар. “Денсаулығымның олқылығы белгілі бір жетістікке жетуде маған кедергі емес”,- дейді жігерлі жігіт.

ЛЕОНИД ЯКОВЧЕНКО, тренингке қатысушы, Аққайың ауданы:

– Бір орында тұрып қалғым келмейді. Әрқашан ізденісте болып, алға ұмтылып жүргенді ұнатамын. Бүгінгі тренингке де сол үшін келдім. Бұл жерде өзім сияқты жандармен әңгімелесіп, бағыттаушының айтқан ақылын тыңдап, көңілім бір көтеріліп қалды. Негізі, осындай шараға бірінші рет келіп отырмын. Алдағы уақытта жиі қатысуға тырысамын.

Бұл – “Ардос Жүрек” ұйымының өткізіп отырған бірінші шарасы емес. Бірлестік өкілдері мүмкіндігі шектеуі жандарды сөзбен ғана қолдамай, іс жүзінде өмірден өз орнын табуға септеседі. Мәселен, аталған ұйым ұйымдастырған түрлі курстарға қатысып, көлік жүргізуді меңгеріп, тырнақ әсемдеп, шаш қиып, техника жөндеудің қыр-сырын игеріп шығуға болады. Нәтижесінде алған білімі бойынша жұмысқа орналасуға да қолдау көрсетіледі.

 

Мәдина Қаби