Sailau banner

Қоғам

Халықтық штаб өкілдері зауыттықтармен кездесті

Елдегі жылу электр стансаларындағы ахуал белгілі. Көбінде жүйе тозып тұр. Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша пікір білдіріп жатқан түрлі сала мамандары әуелі осы себепті алға тартуда.
Осы орайда қазанның 6-сында республикалық референдум өтеді. Бұл науқан ел экономикасы үшін маңызды шешім болмақ. Бүгін жергілікті жерде құрылған халықтық штаб өкілдері Киров атындағы зауытқа барып, жұмысшы қауыммен жүздесті.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, өңірлік халықтық штаб өкілі:

– Қолданыстағы электр өндіру жүйесінің тозуына байланысты желіде апаттық жағдайлар жиі туындап тұрады. Энергия жетіспегендіктен оны көрші елдерден алуға тура келеді. Бұл елдегі қажеттілікті жапқанымен қымбатқа түсіп жатыр.

Осы орайда заманауи қуат көзінің артықшылығын айтқан Александр Казанцев балама көздерге де тоқталып өтті. Қоғам белсендісі күн мен желдің күшін пайдаланғанның өзінде ол атом электр стансасына қосымша ретінде болуы керек дейді.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, өңірлік халықтық штаб өкілі:

– Баламалы қуат көздері негізгі емес, қосымша күш ретінде пайдаланылуы тиіс. Өйткені, энергиямен қамтуда ол тұрақсыз келеді, оған толық сенім арта алмайсың. Бүгін жел болса, ертең күн тымық болуы мүмкін. Күнге де байланысты жағдай осындай. Ал энергия өндіріске үздіксіз келіп тұруы тиіс.

Халықпен жүздесуде жиі қойылатын сұрақтардың бірі – сонау Балқаш жақта салынуы мүмкін станса теріскей өңіріне қалай ықпал етуі мүмкін?

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, өңірлік халықтық штаб өкілі:

– Атом электр стансасының орналасқан жері маңызды емес, маңыздысы, бүкіл елді қамтитын энергожүйе болады. Жергілікті жылу электр орталығы артығымен жұмыс істейді. Сағатына миллиард кВТ өндіру өңір қажеттілігінен анағұрлым көп. Сол себепті, артылған энергия өзге аймақтардағы тапшылықтың орнын толтыруға жұмсалады.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңызы зор. Дәлел-дәйек келтіріп, сұрақ-жауап ретінде өткен осындай жиындар референдум өткенше дейін ұйымдастырылады.

 

Данаш Хамза