Sailau banner

Қоғам

“Бірлікте” 173 отбасыға жаңа баспананың кілті берілді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Көпті қуантқан қоныстой. Бүгін су тасқынынан зардап шеккен жандардың соңғы легі баспаналы болды. “Бірлік” ықшам ауданында 173 отбасыға су жаңа үйлердің кілті табысталды.

Мына дүйім жұрттың қуанышында шек жоқ. Себебі, көктемде көңілі құлазыған жандар күзде су жаңа баспанаға ие болып жатыр. Салтанатты жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың өзі келіп, қоныс той иелерін арнайы құттықтады.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– “Бірлік” ықшам ауданына осымен 2-ші рет келіп отырмын. Су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарды 100 пайыз баспанамен қамтамыз еттік.

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Қанат Алдабергенұлы тұрғындарға біртіндеп кезек-кезекпен су жаңа үйлердің кілтін табыстады.

Шолпан Қасенова осыған дейін Заречный кентінде тұрған. Алдыңғы үйін толығымен су басыпты. Кейуананың 6 баласы, 18 немересі және 19 шөбересі бар екен. Неге жер үйді таңдағанын сұрап едік, көпті көрген апамыз қалада тұрғысы келмейтінін, таза ауаны жақсы көретінін айтты.

ШОЛПАН ҚАСЕНОВА, үй иесі:

– Барлығы ұнайды. Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Осының алдында Заречныйда тұрдық.

Мына су жаңа баспанада керектінің бар. Үй Болат Мусинге тиесілі. Азамат мемлекет тарапынан осындай көмек көрсетілгеніне дән риза.

БОЛАТ МУСИН, үй иесі:

– Мемлекет басшысы мен үкіметке алғысым шексіз. Үйдің көркіне де, сапасына да көңілім толады. Өз басым жер үйде тұрғанды құптаймын. Маған осы жерден баспана салып береміз дегенде бірден келістім. Алдыңғы үйімде 40 жыл тұрдым.

Сонымен, бұған дейінгісі, бүгінгісі бар ықшам ауданда барлығы – 700 үй толығымен қолданысқа берілді. Тасқын кезінде өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов зардап шеккен жандардың ешқайсысы далада қалмайтынын, әрқайсысына жылыту маусымына дейін су жаңа үйлер беріледі деген болатын. Айтылған сөз жерде қалмады. Уәде орындалды. Небәрі 5 айдың ішінде берекелі “Бірлік” атты елді мекен пайда болды.

 

Нұрасыл Ахмет