Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Бірлік» шағын ауданында 700 үйдің құрылысы толығымен аяқталды

Баспаналы болып жатқандардың бірі – Алима Жаманкөзова. Ол су тасқынына дейін Ойқала шағын ауданында тұрған. Бау-бақша егіп, мал өсіргенді жақсы көретін тұрғын ойланбастан «Бірлік» ауданындағы жер үйді таңдады.

ӘЛИМА ЖАМАНКӨЗОВА, үй иесі:

– Қаланың әкіміне, облыстың әкіміне шексіз алғысымды білдіремін. Күні-түні ұйықтамай, осы үйлер тезірек салынып бітсін деп, бел жазбай жұмыс істеп жүрген жігіттерге үлкен рахметімді айтамын. Мен бақыттымын.

Ал Вадим Бедренцев – Заречный кентінің бұрынғы тұрғыны. Баспанасы суға кеткенде ол да басқалар сияқты шарасыздық күйін кешті. Енді ол күндер артта қалып, бүгін жаңа үйге кіргелі отыр.

ВАДИМ БЕДРЕНЦЕВ, үй иесі:

– Тасқын су біздің үйімізді түгел шайып кетті. Керемет моншамыз болатын. Міне, бүгін жаңа баспана кілтін алдық. Басында, әрине, қорықтым. Үйсіз қалатын шығармыз деген күмән де болды. Көмек көрсеткен барша жанға шексіз алғысымызды білдеріміз. Үйлердің жобасы керемет жасалған екен. Енді мұнда 4 адам тұрамыз.

Айта кетейік, «Бірлік» шағын ауданында 700 үйдің құрылысы кестеге сай аяқталды. Жақында жолға асфальт төселіп, қоғамдық көлік қатынай бастайды. Бұдан бөлек облыста 1400-ге жуық пәтер сатып алынды. Сондай-ақ, 1899 баспана күрделі жөндеуден өтті.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындадық. Бүгінде 3893 отбасы жаңадан баспаналы болды. Тұрғындардың осы қуанышынына себепкер болған, көмегін тигізген меценаттар мен кәсіпкерлерге алғыс білдіреміз. Енді, біздің алдымызда күн суытқанға дейін дамбалардың құрылысын бітіру жұмысы тұр. Бұл апат ендігі жылы қайталанбауы тиіс. Бюджеттен қажетті қаражат бөлінді.

Кейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Бірлік» шағын ауданында салынып жатқан 90 орынға шақталған балабақша құрылысын көрді. Шілде айында іргетасы қаланған нысан қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр.

 

Данаш Хамза