Sailau banner

Спорт

Білегі мықты жандардың сайысы

Білегі мықты жандардың сайысы. Сенбі күні Петропавлда “Petroworkout” атты спорттық фестиваль өтті. Қарасай стадионына қарама-қарсы алаңға жиылған азаматтар белтемірге тартылудан жарысты. Ең алдымен іс-шара ашылу салтанатынан бастау алды. Мына тіз қатар тізілген спортшылардың барлығы жеңістен дәмелі.

ОЛЕГ ГУРСКИЙ, жарыстың бас төрешісі:

Сайыс 4 жас санаты бойынша өтеді. Бұл спорт түрінің бір ерекшелігі – қаржыны талап етпейді. Себебі, белтемір әр үйдің ауласында бар. Өңірімізде белтемірге тартылу қарқынды дамып келеді. Республикалық додаларда облыс намысын қорғаған азаматтар ешқашан жүлдесіз қайтпаған.

Сайысқа 50-ден астам адам қатысты. Соның бірі – Ерік Әлібаев. Ардагер 60-ты еңсерсе де бойынан қуаты кетпеген. Айдар Қазов сияқты танымал спортшыны жаттықтырған жанды білмейтін теріскейлік жоқ шығар. Ол аталған сайысқа былтыр да қатысыпты.

ЕРІК ӘЛІБАЕВ, жарысқа қатысушы:

– Аталған спорт түрімен кәсіби түрде айналыспасам да күнделікті спортпен шұғылдану барысында белтемірге тартылып тұрамын. Өткен жылы сайыста 27 рет тартылған болатынмын. Биылғы көрсеткішім аздау. Қазір гір спортымен айналысамын. Жеткен жетістектерім баршылық. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Ал мына азамат жайлы айтпасақ болмайды. Зейнеткердің жеткен жетістіктерін тізе берсең таусылмайды. 60-тан асса да кез келген жас жігітті шаң қаптыратын Александр Наумов бүгін белтемірге 55 рет тартылды. Тиісінше, өз рекордын орнатты және жарыс жеңімпазы атанды.

АЛЕКСАНДР НАУМОВ, жарыс жеңімпазы:

– Былтырғы жылғы өткен жарысқа да қатысқан болатынмын. Сол кезде 49 рет тартылып, облыс рекордын орнаттым. Мен өзім жергілікті университетте жұмыс істеймін. Біршама шәкірт тәрбиеледім. Арасында полиатлоннан 2 әлем чемпионы бар. Зейнетке шықсам да спортты тастай алмаймын. Себебі, спортқа 40 жыл өмірімді арнадым.

Жарыс қас қарайғанша дейін жалғасты. Жеңімпаз бен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды. Айта кету керек, “Petroworkout” спорттық фестивалі осымен 2-ші рет ұйымдастырылып отыр.

 

Нұрасыл Ахмет