Sailau banner

Спорт

Бескөлде жаппай жүгіру өтті

Демалыс күні Бескөл ауылында «QYZYHAZ RUNNING FEST» атты жаппай жүгіру шарасы өтті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аяқталуына және Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі референдумға орайластырылған бәсекеге салауатты өмір салтын ұстанатын жандар қатысты. Еске сала кетейік, жалпыхалықтық дауыс беру 6-шы қазанда өтеді.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Барлық еңбек ұжымдары, мектеп оқушылары, студенттер, ауыл тұрғындары шақырылды. Бүгінгі спорт шарасы жақсы деңгейде өтеді деп ойлаймын. Ауданымызда салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар жетерлік. Оған түрлі жарыстардың қорытындысы дәлел. Біздің ауданның спортшылары жыл ішінде ұйымдастырылған додалардың жалпы есебінде көш басынан көрінді. Бұнымен мақтануымыз керек.

Жаппай жүгіруге 300-ге жуық адам қатысты. Жерлестеріміз 3 шақырымды бағындырды. Жарыстағы ең үлкен қатысушы 83 жаста. Валентин Лямкин өмір бойы спортпен айналысады. Қауқары қайтпаған қария жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

ВАЛЕНТИН ЛЯМКИН, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Барлығы салауатты өмір салтын ұстансын деймін. Ауырмау үшін, ауруханаға жатпау үшін көбірек қозғалу керек. Жүру, жүгіру, жаттығу жасау – ең мықты қару. Сонымен қатар, үнемі жайлы көңіл-күйде болған жөн. Мұның барлығы адамдарға оң әсер етеді.

Жарыс соңында үздік желаяқтар анықталды. Олар сыйлықтармен марапатталды.

 

Байболат Құлтанов