Sailau banner

Спорт

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Петропавлға оралды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Сәния Әскер облыс орталығына оралды. Оны тілеуін тілеген теріскейліктер теміржол вокзалынан думандатып күтіп алды. Құшақ-құшақ гүл, шырқалған әндер, табысталған сыйлықтар мен айтылған алғыс сөздер. Мұның барлығы ел мерейін асырған чемпионға арналды.

СӘНИЯ ӘСКЕР, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

– Қарсы алушы жандарға алғыс білдіремін. Қуанып қалдым. Болашақта өзімнің орталығымды ашқым келеді. Қыздарды жарыстарға апарсам деймін.

Чемпионнан сұхбат алу оңайға соқпады. Қаумалаған халық жан-жақтан құттықтап жатты, суретке түсуді сұрады, қолтаңба қалдыруды өтінді. Бес асық – қазақ халқының ұлттық ойыны. Сырт көзге оңай көрінеді. Алайда, мұнда да бәсекелестік жоғары. Ұлттық құрамаға ілігу оңай шаруа емес.

АҒЖАН СҰРАҒАНОВ, Сәния Әскердің жеке жаттықтырушысы:

– Қазақстанның ішінде бес асық ойыны дамыған. Әр өңірде Сәния сынды қыздар көп. Үздіктердің алдына шығудың өзі жеңіс дер едім. Сәнияның артынан сіңлілері келе жатыр. Аудандарда, қалада спортшыларымыз бар.

Естеріңізге сала кетейік, бесасықшы Сәния Әскер жуырда ғана ұлттық құрама сапында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Жаһандық жарыста бақ сынаған жерлесімізбен МТРК арнасы үнемі байланысты болды. Чемпионның мақсаты – алдағы додаларда да топ жару, ұлттық ойынды әрмен қарай ұлықтау.

 

Байболат Құлтанов