Sailau banner

Қоғам

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың әріптестігі талқыланды

Өңірде үкіметтік емес ұйымдардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен жиында аталған ұйымдардың саны ғана емес, сапасы жайлы айтылды, мемлекеттік органдармен әріптестігін дамыту мәселесі талқыланды. Жиынға қос тараптың өкілдері қатысты, соның ішінде білім және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері, мәслихат депутаттары қатысты.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі:

– Мысалы, былтыр өзіміз білетіндей, қала мектептерінің бірінде қиын жағдай болды. Сол уақытта үкіметтік емес ұйым өкілдері балалардың қауіпсіздіктері үшін мектептерге турникеттер орнатты. Қазіргі күнде жастардың көптеген пікірлері бар. Сол жастардың мүдделерін қорғау үшін осындай мемлекеттік органдармен бірлесіп, тапсырмаларды қарастыратын болады.

Жиынға қатысушылар мұндай басқосулар екі жаққа да пайдалы дейді, яғни мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдар арасынан әріптес табады, ал ұйым өкілдері әлеуметтік тапсырыс ойластырып, оны жүзеге асыруда өз идеяларын ұсынады. Нәтижесінде мемлекеттік саясаттың жергілікті жерде сәтті іске асуына септеседі.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО әйелдер күштері альянсының төрағасы:

– Президенттің биылғы Жолдауы бойынша қоғам мен мемлекет тығыз байланыста болулары керек. Сондықтан, ең басты мақсат – мәселелерді ашу, айту, шешу механизмдерін дамыту.

Жалпы, жиынға 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Тараптар бірлескен жұмыстың сапасын арттыру бойынша пікір алмасты.

 

Мәдина Қаби