Sailau banner

Қоғам

Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен кездесті

Көлік министрі Марат Қарабаев әкімдіктегі кездесуден кейін халықпен кездесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Жиын С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Ең бірінші сауал Петропавл қаласынан Алматыға жүретін “Тальго” пойызының қайта жандануы жайлы болды. Ведомство басшысына аталған сұрақ өткен кездесуде де қойылған. Нәтижесі бәрімізге белгілі. Бағыт ағымдағы жылдың наурыз айынан бері жұмыс істейді.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР Көлік министрі:

– “Петропавл-Алматы” тальго пойызын толықтай жөндеп, қайта іске қостық. 4 күнде бір онтүстік астанаға тез жете аласыздар. Әрине, сіздер жүру жиілігін жиілеткенімізді қалайсыздар. Өкінішке қарай, мәселені әзірге шеше алмаймыз. Себебі, барлығы қаржыға кеп тіреледі.

Тұрғындардың қойған келесі сұрағы әуе рейстерінің аздығына қатысты болды. Бұл түйткіл де біртіндеп шешілуде. Өткен кездесуде қала халқының көбі Шымкентке немесе Түркістанға әуе рейсі ашылғанын қалайтындарын айтқан болатын. Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың шілде айынан бастап теріскейліктер облыс орталығынан шырайлы Шымқалаға тікелей қатынай алады.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР Көлік министрі:

– Қос қаланың аралығында “SCAT” компаниясының жабдықталған жайлы ұшағы қатынайды. Билет құны – 25 мың теңге. Былтырғы жылы сіздерге уәде берген болатынбыз. Біз сөзімізде тұрдық.

Жол мәселесі де тілге тиек етілді. Ақмола облысымен шекарадағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Дайындық басталып кетті, қаржы бөлінді. Маңызды іс келесі жылы аяқталады.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР Көлік министрі:

– Сергеевка-Тимирязево аралығындағы жолға келетін болсам. Тұрғындар ол жолдан ауыр жүк көліктері өтпеу керек екенін айтқан болатын. Біз бұл сұрақты қарастырдық. Қаржы бөліп, конкурс ұйымдастырдық. Мердігер де анықталды. Алдағы уақытта ол жерден белгілі бір мөлшерде жүк артқан көліктер ғана өте алатын болады. Оны бақылайтын құралдарды орнатамыз.

Басқосуға 50-ден астам адам қатысты. Барлығы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

 

Нұрасыл Ахмет