Sailau banner

Спорт

Сәния Әскер – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы

Бөрікті аспанға атуға болады! Үкілеп топқа қосқан жерлесіміз Сәния Әскер күллі Солтүстік Қазақстан облысының сенімін ақтады. Ол ұлттық құрама сапында бес асықтан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Осылайша, алтыннан алқа тағынды, елге қуаныш сыйлады.

СӘНИЯ ӘСКЕР, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

– V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Финалда ресейлік қыздарды ұттық. Осылайша, жеңіс тұғырының ең биік сатысында тұру бақыты бұйырды. Ел намысын абыроймен қорғадық.

Бес асық – қазақтың ұлттық ойыны. Қазір аққайыңдар өлкесінде қарқынды түрде дамып келеді. Епті де шапшаң қыздарды жаттықтырушылар дайындап, аламанға қосуда. Сондай жанның бірі – Ағжан Сұрағанов. Енді оның шәкірттерінің арасында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы бар.

АҒЖАН СҰРАҒАНОВ, Сәния Әскердің жеке жаттықтырушысы:

– Сәния Әскер – талантты, ұлтжанды қыз. Ұлттық ойынымызды дәріптеп те жүр. Чемпион қызымызды құттықтаймыз! Бүгінгі жеңіс баршамызға құтты болсын. Сәнияға тек табыс тілеймін!

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жерлестеріміз үшін аяқталған жоқ. Кезек тұлпарларын тараған, сағат санаған, алтынға үмітпен қараған шабандоздарға да келіп жетті. Ертең өңірімізден аттанған сәйгүліктер мен тақымы тастай жігіттер сынға түседі. Бірі Жорға жарыста, ал екіншісі Құнан бәйгеде ел намысын қорғайды.

ЕРЖАН МОЛДАБАЕВ, Ат және ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық БЖСМ директорының орынбасары:

– “Қазанат” атшабарындамыз. Тұлпарларымыз – Аквамарин мен Қамысқұлақ аман-есен жеткізілді. Шабандоздар дайын. Жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Аттың шабысын көріп, қиқу естісе тұра алмайтын ағайынның құлағына алтын сырға! “Қазанат” атшабарындағы дода ертең таңғы 9-да бастау алады. Жүйріктердің жарысын Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетпек.

 

Байболат Құлтанов