Sailau banner

Денсаулық сақтау

Большая Малышка ауылында медициналық пункт салынып жатыр

Қызылжар ауданында салынып жатқан маңызды нысан. Большая Малышка ауылында медициналық пункт тұрғызылуда. Жұмыс қызу. Петропавлдық мердігер іске маусым айында кіріскен. Құрылысшыларға қолайсыз ауа райы кедергі келтірген екен. Толассыз жаңбыр жаумағанда таспа қияр күн алыстамас еді. Енді жауаптылар шаруаны жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Құрылысқа 10-нан астам техника мен азамат жұмылдырылған.

ТАЛЫФ МАМЕДОВ, учаске бригадирі, Қызылжар ауданы:

– Қазір кірпіштерін қалап жатырмыз, қыстыгүні іші жылы болу үшін арнайы дүниемен қаптаудамыз. 1-2 күннің ішінде шатырын да жабамыз. Нысанның ауданы – 240 шаршы метр, 1 қабатты болады. Құрылысты аяқтағаннан кейін маңайына асфальт төсейміз. Барлығы жеткілікті, тек ауа райы кедергі келтірмесе екен.

Жаңа орталыққа құрал-жабдықтар мен жиһаздардың барлығы жаңадан алынады. Төрт маман қызмет етпек. Біреуі – жалпы тәжірибелік дәрігер, қалғаны – фельдшер, санитар мен медбике. Тұрғындар қазір көлемі кішіректеу медицина орталығына барып жүр. Ол тасқын кезінде зақымданыпты. Ілкімді іске республика бюджетінен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінгенін де айта кетейік.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Қызылжар ауданы бойынша өткен жылы 2 медициналық амбулатория салынды. Осы жылы 8 нысан тұрғызылып жатыр. Соның бірі осы ауылда орналасады. Ғимараттардың барлығы жылдың соңына дейін тапсырылады. Большая Малышка ауылындағы қосын үшін жақын маңдағы елді мекендердің халқы да риза. Алдағы уақытта олар да осында келмек.

Қоса кететін жайт, тасқыннан қатты бүлінген Большая Малышка ауылында тұрмыс түзелген. Бүгінде елді мекенде 800-ден астам адам өмір кешуде.

 

Мәдина Қаби