Sailau banner

Қоғам

Бескөлде жолдың жайы тексерілді

Мемлекет басшысы қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жол саласына да тоқталды. Қуантарлығы, қазір бұл бағытта елімізде ауқымды шаруа атқарылып жатыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан, бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.

Бүгінде елді мекендердің іші де адам танымастай өзгерген. Мысалы, мыңдаған халқы бар Бескөлде сұқ саусақпен көрсетіп, бас бармақпен баға берер көшелер көбейіп келе жатыр. Биыл мұндағы 24 көшені жөндеу жұмысы басталыпты. Олардың барлығы келесі жылы тақтайдай тегіс болады.

ҚАЙРАТ ҒАБДУЛЛИН, Бескөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

– Екі жылдық келісімге келдік. Жөнделетін жолдың бірі – Еслям Баукенов көшесі. Оның ұзындығы – 900 метр, ені – 5,5 метр. Енді жолда жолақтар жасау қалды. Келесі жылы тапсырады.

Жолдың жай ғана жөнделгені емес, сапалы жөнделгені керек. Әдетте қолдарына мынандай қондырғы ұстаған мамандар аудан мен жауапты орталық арасында шарт жасалғасын ғана іске кірісетін. Қазір талап өзгерген. Олар құжатсыз-ақ тексеріс жүргізеді.

Тиісті норма сақталған, алайда, әзірге Бескөл ауылдық округі әкімдігі мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы арасында келісім жоқ.

ЕРКЕН АМАНДЫҚОВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ жетекші сарапшысы:

– Көшені қарап, тексеріп шықтық. Жолдың ұзындығы мен ені талапқа сай келеді. Алайда, қос қапталында кемшіліктер бар. Үстінде қоқысты да байқадық. Аталған олқылықтарды мердігер жоюы тиіс. Бұл учаске бойынша жергілікті әкімдік бізге қосымша құжат жолдайды. Содан кейін тағы тексеріс шарасын ұйымдастырамыз. Аудандарға біздің орталықпен келісім жасасуды ұсынамыз.

Маманның айтқандарын жергілікті билік өкілдері ой дәптеріне түртіп алды. Олар жақын арада орталықпен байланыс орнатпақ.

 

Байболат Құлтанов