Sailau banner

Спорт

Солтүстікқазақстандық бесасықшы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалына шықты

Солтүстікқазақстандықтардан сүйінші сұраймыз! Теріскейлік бесасықшы Сәния Әскер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалына шықты. Арна ұжымы Астанада ел намысын қорғап жатқан спортшылармен үнемі байланыста. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген аруымыз кеше сұрауымыз бойынша видео жолдады. Онда алғашқы ойындары жайлы айтты.

СӘНИЯ ӘСКЕР, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы:

– Асық ату мен бес асықтан ойындар басталды. Алғашқы күні екі команданы ұттық. Ертең тағы екі ұжымды ұтып, финалға шығамыз деп ойлаймын. Бізге жанкүйер болыңыздар!

Сенімді сөйлеген солтүстікқазақстандық арманына нық қадам жасады. Қасиетті Шал ақын ауданына қарасты Алқаағаш ауылының тумасы финалда өнер көрсетеді. Оның жеке жаттықтырушысы Ағжан Сұрағанов Астанада жүр. Бапкер ақтық сындағы қарсыласқа жоғары баға берді.

АҒЖАН СҰРАҒАНОВ, Сәния Әскердің жеке жаттықтырушысы:

– Сәния бірінші күні венгриялық және қырғызстандық қыздарды жеңді. Екінші күні румыниялық және швециялық спортшыларды ұтты. Барлық кездесуде 2 де 0 есебі тіркелді. Финалда сахалық қыз қарсы тұрады. Ол қыз да қарсыластарының барлығын 2 де 0 есебімен ұтты. Мықты қарсылас күтіп тұр.

Жоспар бойынша финалдық кездесу кешкі 5-ке таман аяқталады. Ойынның қорытындысын міндетті түрде жариялаймыз. Тақымдарыңызды қысып, жанкүйер болайық, жерлестер!

 

Байболат Құлтанов