Облыста кеше 3 бала уланып қалды. Екеуінің себебі белгілі – иіс тиген. 8 бен 12 жастағы ағайынды қос бала пеш жағылған үйде өздері жалғыз отырған. Ата-анасы ұлдарды облыстық ауруханаға өздері әкелген. Қазір жағдайлары жақсы.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Тұншықтырғыш газ пештен шыққан. Пештің аузы дұрыс жабылмай қалған. Ата-анасы үйге келгенде балаларының бастары қатты ауырған кезде күдіктеніп, дәрігерлерге жүгінген. Бұлар – қала тұрғындары, ал шалақындық қыздың неден уланғаны белгісіз. Ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы жақсы.
Қазір күн салқын, жаңбыр жиі жауады. Сол себепті, қалада болсын, ауылда болсын үйдің іші ылғалданып тұрады. Жер үй тұрғындары бұндай кезде пеш жағады. Осы орайда мамандар қауіпсіздік ережелеріне мән беру қажеттігін ескертеді. Көп жағдайда өрт пештен шығады немесе сымның қысқа тұйықталуынан туындайды.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Тіркелген өрттің 70 пайыздан астамы әдетте жер үйден шығады. Сол себепті, тұрғындарға қыс келмей тұрып пештерін бір тексеріп алу қажеттігін ескертеміз.
Жыл басынан бері облыста 268 өрт тіркелген. 17 адам қаза тауып, 31-і жарақат алған. Соның ішінде 20 адамға иіс тиген. Оның 5-еуі – бала. 3 ересек адам иіс тиіп, көз жұмған. Биыл былтырғымен салыстырғанда өрт саны 36 пайызға азайған.
Мәдина Қаби