Sailau banner

Қоғам

Кезекті түсіндіру шарасы

Бүгін референдум бойынша қоғамдық штабтың өкілдері “Қызылжар су” серіктестігінде болды. Білікті мамандар ұйым қызметкерлеріне АЭС-тің тиімді тұстарын айтты. Олардың сөзінше, маңызды нысанның ең әуелі қоршаған ортаға кері әсері жоқ. Алайда, халықтың көбі атом десе, ат тондарын ала қашады. Себебі, Семей полигонының зардабы, сонау Чернобыльде болған апат елдің есінен әлі кете қойған жоқ. Бірақ, мамандардың айтуынша, ол уақытта кеткен қателіктердің орны толтырылған.

АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Физика” кафедрасының профессоры:

– Мен физик ретінде АЭС жайлы зерттеген болатынмын. Содан түйгенім, маңызды нысан елімізге ауадай қажет. Себебі, Қазақстанда электр энергиясы тапшы. Жарықты дамыған мемлекеттерден қомақты қаржыға сатып аламыз. Тиісінше, экономикамыз да дамымайды. Біз түгілі кішкентай мемлекеттерде және қазба байлықтары аз Африка елдерінде АЭС-ы бар ғой. Ал бізде керектінің бәрі бар. Сондықтан, менің ойымша 6-шы қазан күні өтетін референдумға барлығымыз белсенді түрде қатысып, өзіміздің азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз керек.

Жиынға барлығы – 40-қа жуық адам қатысты. Қоғамдық штаб өкілдері серіктестік қызметкерлерін қазанның 6-сы болатын маңызды шараның өтуіне бір кісідей атсалысып, дауыс беруге шақырды. Қатысушылардың дені АЭС-тің салынуын қолдайтындарын жеткізді, білікті мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

ЕШКЕН ЕСЛЯМ, “Қызылжар су” ЖШС маманы:

– Мен елімізде АЭС-тің салынғанын қалаймын. Себебі, жарыққа біз тәуелдіміз. Референдумға міндетті түрде қатысамын.

Референдум бойынша қоғамдық штаб қыркүйектің 3-і құрылған болатын. Құрамында 80-нен астам білікті маман бар. Олар күніне 10-ға жуық ұйымға барып, түсіндіру жұмысын жүргізеді.

 

Нұрасыл Ахмет