Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Үздік жедел уәкіл анықталды

Полиция департаментінде дәстүрге айналған байқау өткізілді. Сайысқа қала және аудан тәртіп сақшылары қатысты. Білікті мамандар ақыл-оймен де, білек-күшімен де сынға түсті. Сондай-ақ, қызметтегі қол жеткізген көрсеткіштері де есепке алынды. Нәтижесінде полиция майоры Миржан Махмет үздік атанып, өзінің білікті маман екенін дәлелдеді.

МИРЖАН МАХМЕТ – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Осы жылғы қыркүйекте «Үздік жедел уәкіл» байқауы өтті. Жалпы, байқауға 16 қызметкер қатысты. Барлығы өз бөлімінің үздіктері болған. Сайыстың қорытындысы бойынша мен жеңімпаз атандым.

Білікті маман ішкі істер органдарында 12 жылдан бері қызмет атқарады. Полицияға әкесінің жолын қуып келген. Тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Әріптесі Иван Терзидидің сөзінше, шенді жұмысына адал және жауапты.

ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Миржан Махмет криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі лауазымында 2023 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істейді. Оның міндеті – ақпараттық технология саласындағы қылмыстарды ашу. Миржан жұмыс барысында өзін білікті, тәртіпті, жауапты маман ретінде жақсы жағынан көрсетті. Мұндай жандар бізге аса қажет.

Миржан Махмет жыл басынан 60-тан астам киберқылмыстың ашылуына септескен. Оның ішінде 16 адамды сан соқтырып, аттарына несие алған айлакерді ұстаған. Үздік маман алдағы уақытта өңір намысын республикалық сайыста қорғайды.

 

Нұрасыл Ахмет