Sailau banner

Қоғам

Саяси ұйым өкілдері Жолдауды талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су жаңа Жолдауы “AMANAT” партиясының жергілікті филиалында талқыға түсті. Саяси маңызды құжатта өзекті мәселелер көтерілгені мәлім. Солардың бірқатарымен облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантайұлы бұрыннан таныс. Халық халаулысын ауылдардың жағдайы алаңдатады. Кеше ғана қазаны қайнаған елді мекендерде бүгінде қолға күрек ұстар адам қалмады. Көпшілік білетіндей, Президент Жолдауында жұмысшы мамандарды қолдау жайлы айтты. Дептутат бұл шешім өшкелі тұрған үміт отын қайта жақты дейді.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты:

– Бүгінде көптеген салада маман тапшы. Ауылдарға барамыз, халықпен кездесеміз. Сонда малшының, механизатордың жоқтығы жайлы айтылады. Жалақы төмен, әлеуметтік жағдай жасалмаған. Бәрі осыдан басталып тұр. Жастарды қызықтыру үшін негізгі мәселелерді шешу қажет.

Қазақтың атом десе зәресі қашатыны жасырын емес. Бұл тарихпен тікелей байланысты. Қасиетті Семей жері талай жылы сынақ алаңы болды. Одан қалды, Чернобыльда жойқын жарылыс тіркеліп, ұшқан құстың қанаты талар төңірек зардап шекті. Бұның бәрі елдің есінде, санаға сіңген. Бірақ, осыларды алға тартып дамудың даңғыл жолына түскен көштен де қалып қоймау керек.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты

– Қазір заман өзгерді, технология өзгерді. Дамыған 30 елдің барлығында АЭС бар. Олардың барлығы энергияны стансадан алып отыр. Біз экологияны да ұмытпауымыз керек. Көмір жағу арқылы алысқа бармаймыз. Желден, күннің көзінен энергия алуға болады. Бірақ, ол елдің бәрін қамти алмайды.

“AMANAT” партиясының жергілікті филиалында ойлар ашық айтылды. Қатысушылар халықты маңызды референдумға да шақырды. Өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай шешім қабылдау – әрбір қазақстандықтың міндеті.

 

Байболат Құлтанов