Sailau banner

Қоғам

Евгений Кинцель: Елімізде энергия тапшы

Қазір қоғам қызу талқылап жатқан мәселе – елімізге атом электр станциясы қажет пе? Қоғамдық талқылаудан ақжолдықтар да қалыс қалған жоқ. Демократиялық партия мүшелері тұрғындармен жүздесіп, түсіндіру шарасын жүргізбекші, сұрақтарына жауап бермекші. Өйткені, туындап жатқан сұрақ аз емес, оған мысалмен, дәлел-дәйекпен жауап беру керек.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:

– Бұл мәселе партиялықтардың қатысуымен өткен ұлттық кеңесте егжей-тегжейлі талқыланды. Негізі, құптарлық әрі қажет жоба. АЭС-тің салынуы біраз мәселені шешеді. Елімізде энергия тапшы. Ал электр энергиясы, бұл – өмір және экономикалық дамудың басты факторы.

Энергия тапшы болса, өнеркәсіп дамымайды. Депутаттың пікірінше, АЭС салу – елді энергиямен қамту мен экономиканы дамытудың ең тиімді жолы.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:

Бұл ең арзан электр энергиясы болып саналады. Тоқтала кететін маңызды жайт, бүкіл дамыған елдерде атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Мұндай қуат көзі Қазақстанда да болса, бұл елімізді алға жетелейді.

Партияның ұлттық кеңесіне энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те қатысқан екен. Жиында Чернобыль мен Фукусимада болған жарылыстан кейін АЭС салу технологиясы біраз өзгергені туралы айтылған. Сол себепті, қазір атом электр станциялары тұрғындар мен қоршаған орта үшін қауіпсіз болып саналады дейді Евгений Кинцель.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:

– Атом электр станциялары жылу электр станцияларына қарағанда қауіпсіз бола түсті. Осы орайда апат болмайтындығына кепілдік беруге болады деп ойлаймын.

Еске сала кетейік, облыста референдум жөнінде қоғамдық штаб құрылған. Ұйым өкілдері бір ай көлемінде жерде-жерде түсіндіру шараларын жүргізеді.

 

Данаш Хамза