“Келісіп пішкен тон келте болмас” деп қазақ бекер айтпайды. Алда маңызды референдум тұрғанын ескерсек, бізге дәл қазір ой тыңдап, пікір білдірген абзал. Атом электр стансасының құрылысына қатысты кезекті басқосу Петропавлда өтті. Ол республикалық статусқа ие.
РИЗЗАТ ТАСЫМ, Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы, Астана қаласы:
– Бұған дейін Көкшетауда, Семейде және Павлодарда болдық. Енді АЭС құрылысы бойынша Петропавлға келіп қалдық.
Қазақстанға ел аузынан түспей қойған атом саласы бейтаныс деуге келмейді. Тарихқа үңілсек, бұл бағытта республика аумағында ауқымды шаруа атқарылғанын ұғынамыз. Облыстық әкімдік қабырғасында өткен жиында осындай батыл ойлар ашық айтылды. Маңызды шараға қоғамдық өмірге бейжай қарамайтын жандармен қатар, саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген мамандар да шақырылған. Соның бірі – Абай облысындағы Курчатов қаласынан арнайы келіп отырған Денис Зарва.
ДЕНИС ЗАРВА, “ҚР Ұлттық ядролық орталығы” ҒЗИ бас инженерінің орынбасары, Курчатов қаласы:
– Қазақстан атом энергетикасы саласын енді ғана қолға алған ел емес. Қазіргі таңда Ақтау қаласында әлемдегі бірінші тәжірибелік-өндірістік реактор жұмыс істеп тұр. Іске қосылғанына бірталай жылдың жүзі болды. Сонымен қатар, елімізде 3 зерттеу реакторы бар. Олар Курчатов пен Алматы қаласында орналасқан. Осыларды айта келе, сала біз үшін таныс дегім келеді.
Сала өкілі еліміздегі ғылыми-техникалық базаға жоғары баға берді. Өндіруші сектор да алға басты. Одан қалды, Қазақстанда маман тапшылығы тіркелмеуі тиіс. Себебі, қазір атом энергетикасы саласында 17 мыңнан аса отандасымыз еңбек етеді.
ДЕНИС ЗАРВА, “ҚР Ұлттық ядролық орталығы” ҒЗИ бас инженерінің орынбасары, Курчатов қаласы:
– Мамандар дайындауға Үкімет кірісіп те кетті. Болжаммен алсақ, атом электр стансасының құрылысы 8-10 жылға созылады. Яғни, біз осы уақыт ішінде мектеп жасындағы балаларды да әзірлей аламыз. Бұл тұрғыда мәселе туындамайды. Сонымен қатар, құрылыс жүргізген елдің өкілдері келеді. Олар тәжірибе бөлісері айдан анық.
Иә, “Құрылысқа кім кіріседі?” деген сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Бұл тұрғыда Денис Зарваның пікірін білдік. Ол ниет танытқан 4 елдің де жобасы заманауи әрі қауіпсіз екенін баса айтты.
Байболат Құлтанов