Қоғам

Ұстаздар қауымы АЭС-тің салынуын қолдайды

Қазанның 6-сы күні АЭС-ке қатысты республикалық референдум өтеді. Жалпы, бұл мәселе бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Біреуі станцияның құрылысын қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы. Маңызды шарада барлығы шешілетін болады. Сол мақсатта қалалық қоғамдық кеңес мүшелері 17-ші ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінде іс-шара өткізді.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВ, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Атом электр станциясы бізге ауадай қажет. Экономикасы дамыған елдердің барлығы станцияның болуын құп көреді. Бұл қоршаған ортамызды қорғау үшін де қажет. Себебі, атом энергиясы – экологиялық таза энергия және өте тиімді болып саналады. Жарықты бәрі қолданады. Тиісінше, оның бағасы да қымбатырақ. Ал осындай қуатты нысан салынса, электр энергиясының құны да арзандай түседі. Қашанғы кеңес заманында салынған бағандар мен электр сымдарының үзілгеніне көз жұма қарай береміз. Елімізде атом электр станциясы салынатын болса, құрылысына оңтүстіккореялықтар жауапты болғанын қалар едім.

Білікті мамандар мұғалімдерге станцияның пайдасы мен зияны жайлы түсіндірді. Жиында білім ошағы ұстаздарының алдағы айда өтетін референдумға біркісідей атсалысуы қажеттігі айтылды. Арман Шынтеміров – жас мұғалім. Математика маманының айтуынша, елімізге АЭС қажет.

АРМАН ШЫНТЕМІРОВ, №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінің мұғалімі:

– Біз 20-50 жыл алдын болашақты ойлауымыз қажет. Қазіргі таңда қолданып жүрген заттарымыздың көбісі электр энергиясын қажет етеді. Жасыратыны жоқ, елімізде электр қуаты тапшы.

Жиынға барлығы – 60-қа жуық ұстаз қатысты. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері бір ай бойы шаһардың түкпір-түкпірінде осы сынды іс-шаралар өткізбек.

 

Нұрасыл Ахмет