Sailau banner

Денсаулық сақтау

СҚО-да 7 бала туберкулезге шалдыққан

Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын туберкулез ауруы төрткіл дүние тұрғындарын әлекке салды. Төбе шашты тік тұрғызған жұқпалы індет өлімге әкеп соқтырады. Медицинаның осалдығына байланысты талай адам ажал құшты. Тіл-көзіміз тасқа дейміз, бертін келе жағдай оңалды. Аққайыңдар өлкесінде де ахуал тұрақталды.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО фтизиопульмонологиялық орталықтың директоры:

– Қазіргі таңда облыста туберкулезге шалдыққан 246 адам есепте тұр. Ал 56 науқас стационарлық жағдайда емделіп жатыр. Осы сандарды саралай келе, өңірдегі ахуалды тұрақты деп бағалауға болады. Қуанышымызға орай, аймақта дәрігер көмегіне жүгінетіндер көрсеткіші жылдан-жылға азайып келеді. Өлім-жітім де сиреді. Статистикаға зер салсақ, төмендеу 2017 жылы басталғанын ұғынамыз. Бұл – қуантарлық жайт.

Өңірдегі ахуалдан Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының өкілі Гүлназ Мұсабекова хабардар. Алматыдан ат терлетіп келген нәзікжанды жетістіктің себебін де айтты.

ГҮЛНАЗ МҰСАБЕКОВА, ҚР ҰФҒО жанындағы Жаһандық қордың туберкулез бойынша жобаларын іске асыру тобының үйлестірушісі, Алматы қаласы:

– Туберкулезге қарсы бағытталған медициналық шаралардың барлығы ел көлемінде жүзеге асып жатыр. Осының арқасында ауруға ауыздық салынды. Қазір кез келген қазақстандық індетті тегін түрде анықтай алады. Емдеу де ақысыз негізде жүргізіледі. Осындай оң жұмыстардың арқасында мәселені жартылай болсын шештік.

Туберкулез – медициналық және әлеуметтік мәселе. Алғашқысы түсінікті. Петропавлда өткен арнайы жиында Гүлназ Мұсабекова екінші фактор жайлы кеңінен айтты. Азаматшаның пікірінше, қазір дүйім жұрт осыған жаппай назар аударғаны абзал.

ГҮЛНАЗ МҰСАБЕКОВА, ҚР ҰФҒО жанындағы Жаһандық қордың туберкулез бойынша жобаларын іске асыру тобының үйлестірушісі:

– Бұл бағытта сіздердің облыстарыңыз жетістікке жетіп үлгерді. Былтырдан бастап әр науқас әкімдіктен көмек алады. Әлі де тоқтап қалмау қажет. Бүгінгі жиын барысында үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты негізде мемлекеттік тапсырыс бөлу қажеттігі жайлы айтамыз. Мұндай топтар жұқпалы ауруға шалдығуы мүмкін адамдармен алдын ала жұмыс жүргізуі тиіс. Осылайша, бізге көмектеседі.

Туберкулезге түбегейлi тұсау салар күн жетті. Бұл ретте жан-жақты әрекет етпесе болмайды. Сөз соңында тағы да сандарға тоқталайық. Биылғы 7 айда облыста індет жұқтырудың 112 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 7-еуі – бала. Көңілге медет болатыны, биылғы статистика былтырғыдан аз.

 

Байболат Құлтанов