Шекараның шетінде орналасса да түтіні түзу ұшқан елді мекен. Ақжар ауданындағы Горьковское ауылында су жаңа мәдениет үйі ашылды.
Енді бұл жерден жүрек қылын тербей шырқалған әндер жиі естілмек. Горьковское – айрандай ұйыған ауыл. 700-ден астам адам өмір сүріп жатыр, олардың бірсыпырасы – жастар. Мәдениет үйінің ашылуына мемлекет септесті. Арнайы бағдарлама аясында 138 млн теңге ақша бөлініп, маңызды шаруа мәресіне жетті.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Бүгінгі таңда ауылдарымызды көркейту үшін ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде мектептерге 400 млн-нан астам ақша бөлінді және осы ауылдың 5 шақырым жолына жаңадан асфальт төселді.
Сонымен қатар, Горьковское ауылында саябақ пен көшіп келетін адамдар үшін жаңа үйлер салынып жатыр. 2021 жылдан бастап 20-ға тарта баспана бой көтерді. Солардың бірімен таныстық. 4 бөлмелі үйге 15-16 млн теңге жұмсалған.
МАРАТ ШАПЕНОВ, «Ақниет Агро и К» ЖШС директоры, Ақжар ауданы:
– Ауылда 18 үй жаңадан салынып, 25 шақтысының ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерге 37 отбасы Көкшетау, Ақмола облыстарынан көшірілді. Үйдің ауданы – 112 шаршы метр. Алда әлі жұмыс көп.
Иә, алда атқарар жұмыс көп. Ең бастысы Горьковское ауылында істен қашпайтын азаматтар бар. Олардың басты мақсаты – елді мекенге тұрғындарды тарту, ауылдың шырағын сөндірмеу.
Байболат Құлтанов