Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдау талқыланды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тартуға баса назар аудару керектігін айтты. Жалпы, осы салаға ел бойынша тартылған инвестициялардың 20 пайызы СҚО-ға тиесілі. Жыл басынан бері облыста оның көлемі 59 млрд теңгеден асты.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– “ҚазАгроҚаржы” АҚ филиалдары арқылы бүгінгі таңда 19,8 млрд теңге сомасына 375 өтінім қаржыландырылды. Ал Аграрлық несие корпорациясы биыл 36,8 млрд теңгеге, “Кең Дала-1″ бағдарламасы 23,6 млрд теңгеге инвестиция құйды”.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында автомобиль жолдарының жай-күйін өзекті мәселелердің бірі ретінде белгіледі. Биыл жалпы 938 шақырым тас жолды жөндеу жоспарланған. Оған 91 млрд теңге бөлінді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл жөндеу нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың 84 пайызы, ал республикалық жолдардың 87 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі. Бұл ретте жүргізілетін жұмыстардың сапасына баса назар аударып жатырмыз. Мәселен, іске асырылып жатқан жобалар бойынша ҚР Көлік министрлігі жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен келісім шарт жасастық. Олар жөндеу жұмыстарының әрі материалдардың сапасын қадағалайтын болады.

Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға назар аударды. Өңірде 223 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен айналысады, бұл – өңір халқының 42%. Жалпы, қазіргі таңда облыста 70-тен астам спорт нысаны жұмыс істейді.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жыл сайын облыста бұқаралық спорт түрлеріне қатысып жатқан жандардың саны артып келеді. Жалпы, биыл 240 мыңға жуық адамды қамтитын 1200-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Облыстың халық спорты ойындары аясында өңір аудандарының құрама командалары қысқы, ұлттық, паралимпиадалық, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 5 кешенді спартакиадада бақ сынайды.

Сондай-ақ, үш жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысына негізгі капиталға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет. Бұндай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулын іске асыру жоспарланған. Оған өңірден 622 млрд теңгенің 38 жобасі кіреді.Бұл жобалардың арқасында облыста 6 мың жұмыс орны ашылады.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында:

– қажетті инфрақұрылымды құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқа өңірлерде ондай аймақ жоқ. Сол себепті, бұл отандық және шетелдік инвесторлар үшін магнит десек те болады. Өз кезегінде, «Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында өңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Елімізде “Жайлы мектеп” жобасы да өз жемісін беріп жатыр. Биылғы жылдың соңына қарай СҚО-да 2 мектептің құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы тағы екі білім мекемесі бой көтереді.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл жоба арқылы біз оқушы орындарының тапшылығын төмендетеміз. Сонымен қатар, балаларды заманауи білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етеміз. Президент өз Жолдауында мектептерде жеке басқару жүйесін құру қажет екенін атап өтті. СҚО-да ондай тәжірибе бар. Ол – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейтін Петерфельд елді мекеніндегі Абай атындағы мектеп. Біз бұл жобаны егжей-тегжейлі зерттеп, алдағы уақытта басқа да білім мекемелеріне енгізетін боламыз.

Сонымен қатар, ел Президенті өз Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың өзектілігін атап өтті. Бұл мәселе бақылауда. Мысалы, 2024 жылы меритократия аясында облыстың жергілікті атқарушы органдарының 22 мемлекеттік қызметшісі әртүрлі санаттағы басшылық лауазымдарға тағайындалды. Сондай-ақ, биыл цифрландыру аясында жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу жоспарда бар.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

– Жаңа формат бойынша мемлекеттік қызметке іріктеу процесі барынша жеңілдетіледі. Азаматтар әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде өзіне ыңғайлы уақытта, елдің кез келген нүктесінен онлайн қатыса алады. Барлық кезеңдердегі конкурстық рәсімдердің ашықтығы тәуелсіз прокторинг жүйесімен тексеріледі. Өз кезегінде азаматтар автоматтандырылған, объективті іріктеу жүйесіне қол жеткізеді.

Дарынды жастарды тарту мақсатында биыл алғаш рет өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарына 20 адам қабылданды.

 

“Қызылжар” телеарнасы