Sailau banner

Қоғам

Жарты ғасыр бұрын салынған балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді

Бескөлдегі “Балапан” бөбекжай-балабақшасына биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 90 млн теңге бағытталған. Маңызды істі астаналық мердігер атқарған. Олар жұмысты мамыр айында бастап, тамызда аяқтапты. 90 млн теңгеге мұнда не істелінді? Ойын алаңқайы салынған, маңайға асфальт төселген, нысан ішіндегі еден, жылыту жүйесі ауыстырылыпты. Салынғанына жарты ғасыр болған балабақшада бұрын-соңды мұндай ауқымдағы жөндеу жұмысы жүргізілмеген екен.

АЙЖАН МОЛДАХМЕТОВА, “Балапан” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

– Біздің балабақшада 90 бүлдіршін бар. Ұл-қыздардың жастары 2 мен 5-тің аралығында. 30 шақты қызметкер бар, оның 15-і – педагог. Атқарылған жұмыс жайында айтатын болсам, мердігер міндетіне жауапкершілікпен қарады. Нысан бұрын ішінен де, сыртынан ескі көрінуші еді, өң кіріп, жаңаланып қалды.

Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бері 3 ауданда 3 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілген. Олар: Ақжар, Тимирязев пен Қызылжар аудандары. Сондай-ақ, облыс орталығында екі бірдей балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. 140 орындық нысан “Береке” шағын ауданында болса, 280 орындық мекеме “Бірлікте” орналасқан.

 

Мәдина Қаби