Білім

“Мектепке жол”: Бескөл мектеп-колледжінде оқитын 30-дан астам балаға көмек көрсетілді

Бұл – “Бескөл мектеп-колледжі” серіктестігі. Мұнда 900-ден астам бала білім алады. Олардың 30-ға жуығына “Мектепке жол” акциясы аясында жергілікті банктер мен қор өкілдері, волонтерлер көмек қолын созды. Жомарт жандар ұл-қыздарды кеңсе тауарларымен, оқуға қажетті заттармен қамтамасыз еткен. Қамқорлық көрсетілгеннің барлығы – әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балғындар.

ТАТЬЯНА МИШКИНА, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС бас директоры:

– Өткен жылы 50-ден астам оқушыға көмек көрсетілді. Қарастырылған қаржы 1 млн 500 мың теңгеден асқан еді. Осы жылы қайырымды іске 900 мың теңгеге жуық қаражат бағытталды. Азаматтар біздің сұраған заттарымыздың барлығын әперді. Жүрегі кең жандарға зор алғысымызды білдіреміз. Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар ол адамдарға дән риза.

Қызылжар ауданы бойынша 6 жарым мыңға жуық оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған 39 оқу орны бар. Балалардың 1500-ден астамы – әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың мүшелері. Олар да “Мектепке жол” акциясының шарапатын көруде. Айта кетерлік жайт, шара жалғасын табады.

ДАНА ҚАЗИЕВА, Қызылжар аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Сонымен қатар, біздің аудан бойынша тасқыннан зардап шеккен 300-ден астам жанұя бар. Ол отбасыларға да көмектесудеміз. Жалпы, аталмыш акцияның іске асуына 71 млн теңге қаржылай көмек бөлінді. Осы айдың соңына дейін балаларды мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ететін боламыз.

Сауапты іске кез келген адам қатыса алады. Яғни, қордың өкілі немесе кәсіпкер болу міндет емес. Қуанышымызға орай, арамызда жомарт жерлестеріміз жетерлік. Мысалы, қатардағы қайырымды жандардың арқасында 350-ден астам оқушы қажетті заттармен қамтылған. Жиналған ақшаның көлемі 5 млн-ға жуықтайды.

 

Мәдина Қаби