Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мехбригадалар марапатталды

Еңбектері еленді. Бүгін су тасқыны кезінде ауқымды жұмыс атқарған әр аудан мен қаланың мехбригадалары марапатталды. Іскер жандарға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Құрмет грамотасы мен алғыс хат табыс етті. Өңір жетекшісі ең алдымен сөз сөйлеп, жұмыс топтарының атқарған істеріне жоғары бағасын берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мехбригадалар 269 үйді қалыпқа келтірді. Тұрғындар сіздердің жұмыстарыңызға дән риза. Барлық істі уақытылы аяқтадыңыздар. Атқарған шаруаларыңыз мақтауға тұрарлық. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар сіздердің арқаларыңызда өз баспаналарына күн суытпай кірді. Қоғамда еңбекқор жан қашанда құрметке ие болған. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Осыдан-ақ сіздердей азаматтардың еңбегі бағаланатынын көре аламыз.

Еңбегі бағаланғандардың арасында уәлихановтың мехбригада да бар. Іскер жандар мамыр айынан бері Ойқала ықшам ауданында аянбай еңбек етті. Үйлердің жарамсызын бұзып, сүрді, жарамдысын қалыпқа келтірді.

ТАЛҒАТ САҒИТОВ, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– Облыс орталығына мамырдың 10-ы келдік. Бізге 146 үй тапсырылды. Оның 115-і жарамсыз деп танылды. 15 мың тонна қоқыс шығардық.

Ал ақжарлықтар болса Заречный кентін адам танымастай өзгерткен. Тасқыннан кейін ойраны шыққан елді мекеннің Ақжар ауданынан келген мехбригаданың арқасында өңі кірген.

БӨГЕНБАЙ ЖҰРЫНТАЕВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Ауданнан 5 мехбригада әкеп, табиғаттың келтірген залалын жоюға өз септігімізді тигіздік. Еңбегімізді бағалаған облыс әкіміне алғысым шексіз. Бізге 90 үй тапсырылды. Оның 64-ін сүрдік. Қалған 22 үйдің 12-сін тұрғындар өзіміз жөндейміз деп шешті. 10-ын біз қалыпқа келтірдік.

Іс-шарада барлығы – 25 адам марапатталды. Айта кету керек, мехбригадалар қалыпқа келтірген әр үйге 2 жылға кепілдік беріледі. Тиісінше, тұрғындардың қандай да бір арыз-шағымдары болса, іскер жандар бірден келіп барлығын жөндеп береді.

 

Нұрасыл Ахмет