Sailau banner

Денсаулық сақтау

Дәрігерлер солтүстікқазақстандықтарды бірқатар елге бармауға шақырады

Күллі жаһан жұртын дүрліктірген коронавирус жайлы қайта айтыла бастады. Қуанышымызға орай, әзірге өңірде ахуал тұрақты. Соңғы деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бері инфекцияның 54 жағдайы тіркелген. Қайтыс болғандар жоқ. Солтүстікқазақстандық медицина қызметкерлері халықты сабырлық сақтауға шақырады. Үйренген жау атыспаққа жақсы дегенгей, егер жағдай ушықса күрес шаралары мәлім, қолда басты қару – екпе де бар. Дегенмен, қазір әлемде аурудың өзге де түрлері тарап жатыр.

ӘCЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– 2022 жылдың мамырында әлемде маймыл шешегінің алғашқы жағдайы мен өршу жағдайлары тіркелгеннен бері 120-дан астам елде 99 мыңға жуық жағдайы тіркелді, оның ішінде 189 адам қайтыс болды. Бүгінгі таңда біздің облыста маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты.

Теріскейліктер тұрақты деген сенімді жауапқа масаттанбауы қажет. Ахуал бір-ақ күнде өзгеруі мүмкін. Жаз мезгілінде әрі-бері қатынайтын жандар көп. Індет солар арқылы да жетіп, жағадан алуы ықтимал.

ӘCЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша Конго демократиялық республикасы, Бурунди, Кения, Руанда және Уганда да маймыл шешегі ауруының күрт өсуі байқалады. Сондай-ақ, маймыл шешегінің алғашқы жағдайлары Швецияда, Вьетнамда, Филиппинде тіркеліп отыр.

Баспасөз конференциясында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижанов та сөз алды. Ол да алдын алу шараларына тоқталды.

ҚАНЫШ БИЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін Гриппол® Плюс вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Емханаларда салынады. Адам папиллома вирусына қарсы иммундау да жүргізіледі. СҚО-да екпе қою тізіміне 3600 қыз кіреді.

Қазір қажетті вакцина жеткілікті көлемде сатып алынып жатыр. Қаныш Бижановтың айтуынша, жеткіншектерге АҚШ-та өндірілген екпе қойылады.

 

Байболат Құлтанов