Sailau banner

Қоғам

Ақжар аудандағы Восход ауылы адам танымастай өзгеріп келеді

Облыс орталығынан шалғайда орналасса да Ақжар ауданындағы Восход ауылы адам танымастай өзгеріп келеді. Мұнда тұрғындар үшін қажет мекемелер ашылып жатыр. Медициналық пунт, сауда орны және наубайхана жұмыс істейді.

Наубайхананың алдында күнде ауыл тұрғындары жиналады. Бір бөлке нанның құны – 120 теңге. 2 адам еңбек етеді.

ҒАЛЫМ ДАНЬЯРОВ, «Даньяров» ЖШС директоры, Ақжар ауданы:

– Күніне 150-200 бөлке нан дайындаймыз. Наубайханада нан ғана емес, ыстық тамақ пен түрлі торттарды да әзірлейміз.

Ал Гүлдана Қабдырахманова дүкен ұстайды. Азаматша жұртшылық қала жаққа қамданып жатқанда елді мекенде қалып, ауылды одан әрі көркейтуге үлес қосқысы келіпті. Сауда нүктесінде азық-түліктен бөлек, киім-кешек те табылады. Бұл жердегі тауарды халыққ тұрақты түрде сатып алады екен.

ГҮЛДАНА ҚАБДЫРАХМАНОВА, дүкен иесі, Ақжар ауданы:

– Ауылда адамдар көбейе бастады. Біз дүкен ашуды жөн көрдік. Азық-түлікті Көкшетау қаласынан, ал киім-кешекті Алматыдан, Бішкектен алып келеміз.

Сонымен қатар, Восход ауылында мамыр айынан бастап жаңа медициналық пункт салынып жатыр. Құрылысқа астаналық компания жауапты. Мемлекеттен 139,3 млн теңге бөлінген. Мердігер құрылысты қыркүйектің соңына дейін аяқтауға ниетті.

ЖАНАРБЕК ЕСЛЯМБЕКОВ, Ақжар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Медициналық пункттер 4 ауылда салынып жатыр. Осы Восход ауылының мекемесінде ішкі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Төбені жабу, асфальт төсеу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тағы бір жағымды жаңалық бар! Восход ауылының мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары өз мәресіне жетті. Бұл жерде тұрғындар түрлі шараларды өткізеді, кітап оқиды және спортпен шұғылдана алады.

 

Байболат Құлтанов