Sailau banner

Экология

Теріскейліктер Жолдауға үн қосуда

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.

Сиясы әлі кеуіп үлгермеген Жолдауда Президент айналаның тазалығына бекерден-бекер тоқталған жоқ. Төңіректі ластамау және қоқыс жинау ауқымды саяси маңызды құжатқа енгізілген тырнақтай ғана мәселе болып көрінуі мүмкін. Түптеп келгенде, мұның артында экологияның бүлінбеуі, халықтың мәдениеті мен бала тәрбиесі сынды дүниелер жатыр. Көпшілік білетіндей, елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтіп жатыр. Оның аясында 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған. Шара жалғасын табады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы.

Экологиялық мәселелер тек қоқыс жинаумен шешімін таппайды. Кешенді жоспар қажет. Сонда ағаш егу қажеттігі жайлы жазылатыны түсінікті. Солтүстік Қазақстан облысы мың бұралған қайыңдармен, төбесі көк тіреген қарағай және терегімен танымал. Біздің міндет – осы баға жетпес байлықты одан әрі молайту.

ВАСИЛИЙ ЛАБАНЧУК, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Біздің өңірде бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы 3 жылдың ішінде ауқымды шаруа атқарылды. Өзіміздің кешенді жоспарымыз бар. Ағымдағы жылдың көктемгі кезеңінде 1408 гектар аумақта ағаш егілді. Көшет саны 8 млн-нан асады. Бұл жұмыс күзгі кезеңде жалғасын табады.

Бөлім басшысы тілге тиек еткен жоспар аққайыңдар өлкесінде 2027 жылға дейін күшін жоймайды. Яғни, осы уақытқа дейін ауқымды жұмыс жүргізіледі, ондаған млн көшет егіледі.

 

Байболат Құлтанов