Sailau banner

Қоғам

Қазақстанда MICS халықаралық зерттеуі жүргізілуде

Қазақстанда Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу басталды. Ол 24 мың үй шаруашылығын қамтиды. Мұндай шара елімізде төртінші рет жүргізіліп отыр. Оның басты мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады. Зерттеу 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында жүргізіледі. Облысымыздың қалалары мен ауылдарындағы 1500-ден астам үйде сауалнама жүргізілетін болады.

Зерртеуді арнайы мамандар жүргізеді. Олар – арнайы оқытылған ұлттық статистика бюросы департаменттің қызметкерлері.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Интервьюерлер логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі.

Зерттеу аясында бес негізгі сауалнама парағы болады. Олар әртүрлі жастағы адамдарды қамтиды.

ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада жұмыспен қамту және оқыту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қамтылған. Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар. Бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнамада – ерте жастағы балаларды дамыту, балаларды тәртіпке келтіру, иммундау мәселелері. 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сауалнамада балалар еңбегі, ерте дағдыларды дамыту мәселелері қамтылған.

Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтеді. Алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталады және ол тек статистикалық мақсаттарда пайдаға жаратылады.

 

Байболат Құлтанов