Sailau banner

Қоғам

Қандастарды қолдау орталығы ашылғалы 200-ден астам қоңырау келіп түскен

Қаладағы қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау орталығы бір ай бұрын ашылды. Бір айдың ішінде біраз жұмыс тындырылған. 200-ге жуық қоңырау келіп түсіпті. Көбінесе Түркістан облысының тұрғындары хабарласқан екен. Бүкіл көлемнің 10 пайызы – шетелде тұратын қандастар. Өзге өңірлерден 80-нан астам отбасы көшіп келу туралы өтініш жазған. Жалпы, облысқа жыл басынан бері 400-ден астам жанұя келген.

ӘНУАР ТОҚПАН, Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі:

– Жыл басынан бастап бізге 412 отбасы, 1242 адам келді. Қандастар бойынша 70 отбасы, 125 адам көшіп келді.

Солтүстік өңірге қоныс аударып келген жанға барынша жағдай жасалады. Тиісті төлемдер төленеді, жұмысқа орналастырылады.
Мамандардың айтуынша көбі ауыл шаруашылығын таңдайды екен. Тіпті, арасында осы салада өз бизнесін бастағандар да аз емес. Өйткені, теріскей өңірінің топырағы құнарлы, еңбекпен егілген дүниенің берекесі де мол. Айта кететін тағы бір маңызды жайт, ауылды жерде сан саладағы кадр мәселесі шешімін табады. Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында да еңбек адамының қоғамда алатын орнына ерекше тоқталып өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет.

Сонымен қатар, Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялайтындығын айтты.

 

Мәдина Қаби