Sailau banner

Білім

Болашақ жұмысшы мамандар CLAAS зауытында тәжірибе толықтырады

Жұмысшы мамандарды қолдау! Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі мен “CT Assembly” серіктестігі арасында ортақ меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында оқу орнының 8 студенті Петропавлдағы CLAAS зауытында дуалды негізде білім алады. Өндіріс орны ниет танытқанның барлығын қабылдамаған. Жастар іріктеудің қорытындысы бойынша тәжірибе толықтырғалы отыр.

МИХАИЛ ЗОЛОТУХИН, “CT Assembly” ЖШС өндірістік директоры:

– Біз әріптестік орнататын колледж бен мамандықты таңдап алып, студенттерді таныстыру шарасына шақырдық. Содан кейін сауалнама жүргізілді. Жастарға шығармашылық және командалық жұмыс тапсырылды. Зауыт тарапынан 4 адам таңдау жүргізді. Жолы болған балаларды асыға күтіп отырмыз.

Сапа мен тәртіпке келгенде неміс халқы алдында жан салмайды. Дуалды негізде білім алатын жастармен танысу үшін сонау Германиядан компания өкілі келіпті. Сюзанна Курт болашағынан зор үміт күттіретін жұмысшы мамандардың зауыт есігін ашқанына дән риза.

СЮЗАННА КУРТ, Claas компаниясының HR-менеджері, Германия:

– Құжаттарға қол қою шарасына қатысуды жөн көрдім. Мамандарымыздың аса білікті болғанын қалаймыз. Өнім сапасы біз үшін бірінші орында тұрады. Сондықтан, қатарымызға тек білім мен тәжірибені ұштастырған жандарды аламыз. Қуанышымызға орай, жастар арасында болашағынан зор үміт күттіретін балалар бар.

“CT Assembly” серіктестігі дуалды негіздегі жұмысты алғаш рет қолға алғалы отыр. Яғни, күллі Қазақстан бойынша алғашқы топ қабылданды. Келесі жылдары тәжірибе мен теорияны қатар меңгеретін жастардың саны артпақ.

ИЛЬЯ ДУРНИКОВ, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Өзімнің жаным ауыл шаруашылығына жақын. Сондықтан бағымды сынап көрейін деп шештім. Іріктеуден сүрінбей өттім. Енді оқу жылының 60 пайызын зауытта өткіземіз. Бірге баратын балалардың дені – достарым. Келешекте осы зауытта жұмыс істегім келеді.

Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің дуалды оқыту жүйесіне көшкеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл бастама жастардың тәжірибе толықтыруына жол ашады. Сонымен қатар, студенттер келешекте жұмыс іздеп қиналмайды.

ЕРКІН ЖАҚЫПОВ, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры:

– Қазір 330 бала дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алып жатыр. Дуалды оқыту – бұл тәжірибе және болашақ жұмыс орны. Президент кешегі Жолдауында бізге қатысты бірқатар міндет қойды.

Жастарды болашақ өмірге дайындау мәселесіне мемлекет басшысы кешегі Жолдауында тоқталды. 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп де жариялады. Президенттің пікірінше, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет.

 

Байболат Құлтанов