Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент Жолдауы жарияланды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қыркүйекте Жолдау жарияланады. Бұл дәстүрдің жалғасып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Солтүстікқазақстандық белсенділер, әртүрлі саланың тұтқасын ұстаған азаматтар Жолдауды тыңдау үшін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға жиналып жатыр.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы осылай аталады. Ол әдеттегідей барлық басым бағыттарды қамтыды. Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша Ұлттық референдум өтетіні белгілі. Алайда, маңызды шешім қабылданар шараның нақты уақыты жарияланбай келген еді, бүгін Президент күнді атады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша Ұлттық референдум 6-шы қазан күні өтеді.

Атом электр станциясы Қазақстанға керек пе, керегі жоқ па? Қоғам әртүрлі пікір ұстанады. Өздерінің ойын көпшілік арасында айтып та, әлеуметтік желілерде жазып та жүр. Қозыбаев университеті тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова мәселеге майшаммен қараған. Өзінің айтары бар.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Бұл өте маңызды мәселе. Біз келесі 3 мың жылдықта энергиясыз қалуымыз мүмкін. Сондықтан, станция салу керек деп ойлаймын.

Кезекті Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесіне тағы бір тоқталды. Ел тұрғындары табиғатымен мақтана алғанымен, жасыл желек көлемімен кеуде қаға алмайды. Өкінішке қарай, республика аумағында ағаш өскен жердің үлесі аз.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда, орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін. Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет.

Университет қабырғасында солтүстікқазақстандықтар Жолдауды ұйып тыңдады. Жастар жағы маңызды тұстарды қағазға түртіп те алған. Олардың бірі көгалдандыруға қатысты ойын айтты.

КАРИМА ЖҮНІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттік омбудсмені:

– Менің эколог және агроном достарым бар. Солармен осы тұрғыда сөйлесемін. Көгалдандыру өте қажет деп ойлаймын. Өйткені, бұл – бірінші кезекте біз жұтатын таза ауа.

Жастар дегенннен шығады, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды. Елімізге жұмысшы жастар аса қажет. Келесі жылдан оларға ерекше көңіл бөлінбек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Президенттің пікірінше, елімізде әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Әр отбасының арнайы паспорты болады. Мемлекет қажет ететін отбасыларға ғана көмектесуі керек. Мұны Президент айтты. Бұл – назарда болатын мәселе.

Өкінішке қарай, елімізде жол-көлік оқиғалары жиілеп барады. Мысалы, биыл тіркелген апаттардың салдарынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Бұл ретте жүргізушілерді даярлау жұмысы ойландырады. Сонымен қатар, соңғы уақытта әскердегі жағымсыз жайттар елдің аузынан түспей жүр. Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігі ұмыт қалмауы тиіс. Президент кезекті Жолдауында осыларға да тоқталып, жауаптыларға тапсырма берді.

 

Байболат Құлтанов