Sailau banner

Қоғам

“Бірлік” ықшам ауданында 3 мыңға жуық адам тұратын болады

Тасқыннан зардап шеккен тағы 10 отбасы баспаналы болды. Үйлер 40 күннің ішінде бой көтерді. Қоныстой иелерін қала әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады.

Қоныстой тойлаушылардың ішінде Шмаковтар отбасы бар. Аталған жанұя осындай су жаңа үй беріледі деп еш ойламаған. Біршама жыл тұрған баспанасын бағалаушылар келіп жарамсыз деп танығанда көңілдері құлазыған жандардың қазір қуанышында шек жоқ.

ОКСАНА ШМАКОВА, үй иесі:

– Осыған дейін Ойқалада тұрдық. Жинап-тергеніміздің барлығы су астында қалды. Жаңа қоныстың көркіне де, сапасына да көңілім толады. Маған “Бірліктен” баспана салып береміз дегенде бірден келістім. Себебі, өзім жер үйде тұрғанды ұнатамын. Осындай үй салып бергені үшін мемлекетке алғысым шексіз.

“Бірлік” ықшам ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Маңызды іспен 1700 адам айналысуда. “Мердігерлер сырғыған уақытпен санасып әбігерге түссе де барлық үйлер жылыту маусымына дейін аяқталады”,- дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Бүгінде 450-ден астам үй тапсырылды. Үйлерді тұрғындарға уақытында тапсыру мақсатында қазір бұл жерде 100-ден астам машина мен арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Азаматтарды баспана сапасына қатысты қандай да бір шағымдары болса, бірден мердігерлерге хабарласулары қажет. Себебі, әр үйге 2 жыл көлемінде кепілдік беріледі.

Жауапты істің атқарылуына еліміздегі жетекші компаниялар да ат салысуда. Мысалы, “ЗИКСТО” зауыты барлық үйді жиһаз және тұрмыстық техникамен қамтамасыз етсе, 300 баспананы “Шар-құрылыс” серіктестігі салуда.

ЖАННА БЕКТЕМІРОВА, “Шар-құрылыс” компаниясының акционері:

– Біздің компания индустриялық үй салумен айналысады. Үйлер жасыл технологиямен шығарылады, өте жылы, дайын күйінде келеді, қаптамасы бар, ішіне барлық кабель тартылады. Мұндай әдіспен құрылыс жылдам жүргізіледі, күніне 7-8 үй тұрғызамыз. Қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, адамдардың баспана күтіп жүргендерін түсінеміз. Барлық үйлерімізге кепілдік береміз және сүйемелдеуге уәде етеміз, яғни тұрғындармен байланыста боламыз, әрқашан өтініштерді уақытында қабылдап, сұрақтарға жауап беруге дайынбыз.

Айта кету керек, ықшам ауданда 3 мыңға жуық адам тұратын болады. Мұнда алдағы уақытта тұрғындарға бар жағдай жасалады. Қазіргі таңда балабақша мен жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр.

 

Мәдина Қаби