Sailau banner

Білім

Тайынша ауданында заманауи мектеп ашылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл күн Тайынша ауданына қарасты Драгомировка ауылының тарихында алтын әріптермен жазылып қалмақ. Бүгін елді мекенде заманауи мектеп ашылғалы отыр. Оның құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталды. Міне, дәл оқу жылының қарсаңында таспасы қиылмақ.

Драгомировкадағы дүйім жұрттың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін ауыл балалары апатты деп танылған мектепте білім алды. Тиісінше, ұстаздар қауымы да қауіпті жағдайда еңбек етті. Енді ол күндер өткеннің қойнауында қалды. Түтіні түзу ұшқан елді мекен тұрғындарын Ата заңымыздың 29 жылдығымен және бүгінгі айтулы шарамен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылыс барысында ауылдарыңызға өзім келген едім. Сонда іспен жіті таныстым. Маңызды жұмыспен солтүстікқазақстандық компанияның айналысқаны қуантады. Құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Бұл жоба мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асқанын білуіміз керек. Балаларымыз сапалы білім алсын, ал ұстаздарға қажымас қайрат тілеймін. Мереке құтты болсын!

Шаттыққа толы шара барысында шапалақ жиі соғылды. Ата-аналардың қуанышы қойынға сыймай жүр. Олар алғыс сөздерін жаңбырша жаудырды.

ТОҒЖАН ҚАЛАМОВА, Драгомировка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Осындай қуаныш сыйлаған азаматттарға алғысымды айтамын.

Заманауи нысанның іші кез келген жанды таңдай қақтырады. Жарық, кең әрі еңселі сыныптар, соңғы үлгідегі құрал-жабдық пен жиһаз. Облыс әкімі білім ұясын толық аралап шықты. Әр аялдаған жерінде өзінің оң бағасын берді. Ұстаздарға сәттілік тіледі.

Қуанышты ақпармен бөлісе кеткен жөн, Драгомировкадағы оқу орнының ашылуымен өңірде апаттық жағдайдағы мектеп қалған жоқ. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысында үлкен мәселе шешімін тапты.

МҰРАТ КҮЛЕНОВ, Драгомиров орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

– Мемлекет басшысына, облыс әкіміне ризашылығымызды білдіреміз. Шыны керек, біз осыншалық ауқымды өзгеріс болады деп ойламадық. Мектепте 129 бала оқымақ. 8 оқушы бірінші сыныпқа барады. Түлектеріміз жылда грант иегері атанады. Ауыл республикалық автожолдың бойында орналасқан. Тұрғындар баршылық. Зор жетістіктерге жетеміз деп сеніммен айта аламын.

Бұл – биыл өңірімізде тапсырылатын соңғы мектеп емес. Ағымдағы жылы тағы 3 заманауи оқу ұясы ашылады. Олар 1500 жасты сапалы біліммен қамтымақ. Сонымен қатар, су жаңа 2 балабақша жас бүлдіршіндерді қабылдайды.

 

Байболат Құлтанов