Мәдени, білім беру, патриоттық, шығармашылық құрамдас бөліктерді біріктіре отырып, галерея барлық жастағы көрермендерді тартады. Галереяға келушілер белгілі қазақстандық қылқалам шеберлерінің, сондай-ақ, қазіргі заманғы суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің шығармашылығымен, бейнелеу өнері мен көркемдік қызметтің жаңа үрдістері мен бағыттарымен таныса алады. Галереяның ашылу салтанатына облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 30-шы тамыз – еліміз үшін ерекше күн. Өзіңіз білесіздер, 29 жыл бұрын Қазақстан Конституциясы қабылданған болатын. Осы уақытта Ата заңымыз бүкіл азаматтардың мүддесін толықтай қорғайтын маңызды құжатқа айналды. Елімізде осындай тұрақтылық пен дамудың кепілі болды. Сол себеппен баршаларыңызды осы мемлекеттік Конституция күнімен шын жүріктен құттықтаймын.
Галереяның атауы ұлттық киелі орындар тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық орнымен байланысты. Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен ат спорты мәдениетін сыйлағанын бәрі біледі. Алғаш рет адамның жылқыны қолға үйретуі Қазақстан аумағында орын алды. Бұған елдің солтүстігіндегі «Ботай» қонысының қазбалары дәлел бола алады. Ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдыққа, энеолит дәуіріне жатады. Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен 1980 жылы ашылған.
МЕЙРАМГҮЛ ӘБУОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
– 1980 жылы солтүстік археолгиялық экпедициясының жетекшісі болған біздің жерлесіміз тарих ғылымының докторы, ұлы археолог Виктор Федорович Зайберт Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайында Ботай қонысын тауып ашқан болатын. Осы Ботай қонысының ашылуы мен жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттау, осы Ботай қонысы туралы мәліметтер беру біздің облыстық музей бірлестігі жұмысының бағыттарының бірі болып табылады. Осы заманауи галерея біздің қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының тартымды орны болады деп, өңірдің мәдени орталығының бірі болады деп сенеміз.
Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысушы, «Азия көшбасшылары» сыйлығының лауреаты, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы – Ғалия Мақашева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Тәуелсіздігінің нышаны – «Қазақ Елі» монументінің авторы – Сембіғали Смағұлов, сондай-ақ, ардагерлер, шығармашылық зиялы қауым және қала тұрғындары қатысты.
СЕМБІҒАЛИ СМАҒҰЛОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Осындай көрме залдары – суретшілер үшін үлкен өріс. Осы жерде суретшілер жаңағыдай халық келеді, танысады. Мысал үшін, мынау көлік салонда сатылған сәттен бастап құны төмендей береді, ал мынау суретшілер жасаған туындылар – күнен-күнге, жылдан-жылға бағасы өсетін инвестиция. Сондықтан, осы жасалып жатқан шара өте маңызды, әсіресе, осы Ботай жұрты үшін бұл қаланың өзінің муниципалдық көрме залы болу деген ол үлкен жетістік.
Сондай-ақ, «Ботай» арт-галереясының ашылу салтанатына, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері де қатысты. Олар өңір басшысына ҚР мәдениет және ақпарат министрінің алғыс грамотасын тарту етіп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
КҮМІС СЕЙТОВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, мәдениет комитетінің төрағасы:
– Құрметті Ғауез Торсанұлы, құрметті өнерсүйер қауым. Сіздерді және барша солтүстікқазақстандықтарды Ботай заманауи көркемсурет галереясының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің қастерлі мерекесі ҚР Конституция күнімен тұспа-тұс келген бұл шара – жалпы Солтүстік Қазақстан облысы үшін ғана емес, барша мемлекетіміз үшін айтулы күн. Өйткені, Ботай мәдениетінің ашылуы төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп әлемге көшпенділер мәдениетінің бесігі өркениеттің бастауы болғандығын айқындайтын айтулы жаңалық болғаны жасырын емес.
Галерея экспозициясында қазақстандық өнердің негізін қалаушы суретшілердің картиналары, облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын суретшілердің, I және II Халықаралық «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» симпозиумына қатысушы суретшілердің туындылары ұсынылған. Галереяның эскиздік жобасын Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Болат Әсербеков әзірледі.
Данаш Хамза