Sailau banner

Мәдениет

Орталық алаңда мерекеге орай фестиваль ұйымдастырылды

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– 1995 жылдың дәл осы күнінде республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Азат еліміздің басты құжаты саналған Ата Заң бейбіт өмір мен берекелік тірліктің тірегіне айналды. Осындай айтулы мереке күнін бүгін солтүстікқазастандықтар бір адамдай тойлауда.

Орталық алаңда “Салт-дәстүр” атты облыстық фестиваль өтіп жатыр. Қатысушылар – этномәдени бірлестіктер. Аталған ұйымдардың болуы көпұлтты еліміздің мызғымас бірлігін білдіреді. Байқауда олардың бірі украин ұлтының салт-дәстүрін таныстырса, енді бірі славян халықтарының Масленица мерекесін паш етті.

“Ынтымақ” этномәдени орталығының өкілдері Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылынан келіп отыр. Ұйым 2010 жылы құрылған, 100-ден астам адам мүшелік етеді. Ынтымақтықтар ұйымшыл әрі белсенді. Фестиваль атаулыдан қалыс қалып көрген емес.

ЛЮДМИЛА ЕМЕЛЬЯНОВА, “Ынтымақ” этномәдени орталығының мүшесі, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Біз жаңа Масленица мерекесін көрсеттік. Бұл – қыстың соңында жасалатын дәстүр. Яғни, адамдар қыстан жеңіл шыққанына қуанып, көктем тезірек келсін деген ниетпен бас қосады. Содан кейін тұрғындармен ойын ойнап, оларға шөптен жасалған қуыршақтар тараттық.

АНАР ҚАРШАЛОВА, шараны ұйымдастырушы:

– Бұл – жылда ұйымдастырылатын шара. Елімізде әр ұлтқа деген құрмет ерекше. Байқауға өнерпаздар әр ауданнан келіп отыр. Өнерлерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалайды. Өткен жылы бас жүлдені М.Жұмабаев ауданының ұжымы иеленген болатын.

Орталық алаңға жиналған тұрғындардың қарасы қалың. Жүздерінде – күлкі мен қуаныш. Күн деген жарқырап тұр. Қазақстанды мекен еткен ұлттар тату. Бүгінгі мерекені барлығы әдеттегідей бірге атап өтіп жатыр. Ата заңның берген игілігі мол. Соның аясында еліміз дамып, көркейе берсін деген тілектерін білдірді қалалықтар мен қала қонақтары.

– Қазақстандықтарды бүгінгі Конституция күнімен құттықтаймыз. Еліміз әрқашан гүлдене берсін.

– Бүгінгі Ата заңымыздың туған күні, қайырлы құтты болсын. Елімізде тыныштық болғай, әр отбасында бақыт, құт-береке болсын.

– Бүгінгідей тамаша күндер жылдан-жылға жалғаса берсін.

 

Мәдина Қаби